Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында бүркітшілер сайысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында бүркітшілер сайысы өтті

10.10.2019

Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында бүркітшілер сайысы өтті. Қазақы қаймағы бұзылмаған осы өлкеде қазіргі таңда 400-ден астам кәсіби құсбегі бар. Олардың өнерін тамашалау үшін Өлгий қаласына 20-дан астам мемлекеттен 2 мыңға жуық турист келді. Дала тағысы — қыран бүркітті қолға үйретіп, өз ырқына көндіре білген кіл мықтылар жарысы жайлы осы жаққа арнайы барған тілшіміз Берік Көшербай баяндайды.

Берік Көшербай, тілші:

Жақсының жақсысы, мықтының мықтысы жарыс кезінде анықталады. Бәсеке болмай, бәйгелі болу да мүмкін емес. Сол себептен осыдан 20 жыл бұрын Моңғолияда бүркітшілер одаға құрылып, жыл сайын сайыс өткізіле бастады. Бүгінде бұл осы елдегі ең мықты құсбегілердің басын қосатын ғана емес, шетелдік мыңдаған туристі қызықтыратын ауқымды шараға айналды.

Бүгінде Баян-Өлгийдегі бүркітшілер сайысы Моңғолияда кең көлемде аталып өтетін 4 тойдың біріне айналған. Саятшылыққа қызығушылық танытқан саяхатшылардың бірі Синкия Гроуфен. Құсбегілердің өнерімен қатар, қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрімен танысып жүр.

Синкия Гроуфен, саяхатшы:

Мен алғаш рет осындай бүркітшілер фестивалін Моңғолияның бас қаласы — Ұлан Батырда көрдім. Бірақ ол кездегі шара шағын ғана болды. Ал бүгін осы үлкен Бүрткіт тойына келіп, құсбегілердің өнерін тағы бір тамашалап жүрмін. Келгеніме өте қуаныштымын.

Жылдағы дәстүр бойынша бүркітшілер жарысы қатысушылардың салтанатты шеруімен басталды. Құсын баптап, жарыста бағын сынауға келген 120 саятшының ең жасы 8-де. Ал ең қарт бүрткітші 80 жаста.

Аймөлдір Дайымбекқызы, 8 жаста:

Екі құсым бар. Біреуі — бүркіт, біреуі — сұңқар. Өскенде бүркітші боламын. Бірақ сабағымды оқимын, одан кейін бүркіт көтеріп жүремін.

Хайзим Бүркітханұлы, құсбегі:

Баян-Өлгий аймағы бойынша Сақсай ауылында бүркітшілер көп. Бізден бүгін 50-ден астам бүркіт келді. Олар алдыңғы орында болып тұр. Менің өзім екі баламмен келгенмін, Айболат, Қолғанат деген.

Жарыстың бірінші күнінде құсбегілер қыран құсты қолға шақырды. Ал келесі күні шырға тартып, өзара мықтыларды анықтады. Шетелдік меймандар осы ұрымтал сәттерді қалт жібермей фотосуретке түсіріп мәз мейрам болды. Жалпы, биыл осы фестиваль аясында қыран құсты бейнелеген сүретшілер мен фотографтардың көрмесі және ғылыми конференция да ұйымдастырылды.

Ғылымхан Әйіпұлы, Баян-Өлгий аймағының әкімі:

Бүрткітшілер туралы үлкен ғылыми конференция өтті. Оған оннан астам үлкен баяндамалар жазылды. Әсіресе Америка, Франициядан келген сатшылардың осы өнер туралы, Моғолия елі, қазақтар туралы тартымды баяндамалар жасады.

Екі күнге созылған фестиваль барысында, шетелдік қонақтар теңге ілу, қыз қуу, көкпар және түйе жарысын тамашалады. Ал Баян-Өлгийдегі қазақ ұлттық музыкалық драма театрында жергілікті өнерпаздар үлкен концерт қойып, домбырамен әлемдік композицияларды орындады.

Берік КӨШЕРБАЙ


Хабарламаларға жазылу