Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Болгарияның вице-президенті Илияна Йотованы қабылдады. Кездесуде тараптар саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылдарды талқылады. Сондай-ақ Қазақстанда тұрып жатқан болгар диаспорасының да бүгінгі ахуалы сөз болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуына болгар диаспорасының да қосып жатқан үлесі зор екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бізді ортақ тарихи тамыр біріктіреді. Болгар халқына деген құрметіміз зор. Сіздің мемлекетпен әріптестікті де қадірлейміз. Қос ел арасындағы қарым-қатынас табысты жүзеге асып жатыр. БҰҰ Бас Ассамблеясында Болгария президенті Румен Радевпен кездестім. Ал Болгар диаспорасына келетін болсам, Қазақстанда олар көбінесе Павлодар, Ақтөбе, Қарағанды облыстарында шоғырланған.
Илиана Йотова, Болгария Республикасының вице-президенті:
Алдымен сізді Қазақстан Республикасы Президенті лауазымына кірісуіңізбен құттықтағым келеді. Сіздің Қазақстан халқына жолдауыңызды оқып шықтым. Әсіресе жоспардағы әлеуметтік-экономикалық реформалар таң қалдырды. Болгария президенті Румен Радев атынан да алғыс айтамын. ЕуроОдақ мүшесі ретінде Болгария Қазақстанмен әріптестікті нығайтуға мүдделі. Біздің байланысты дамыту үшін атқарар жұмыс аз емес.
Альбина ӘШІМ