Президент теміржол және әуе билеттерін әділ саудалау және қолжетімді қылуды тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент теміржол және әуе билеттерін әділ саудалау және қолжетімді қылуды тапсырды

04.10.2019

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог-Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты жолдауы жарияланғанына бір айдан асты. Халықтың көкейіндегі маңызды мәселелерді ескеріп, оны жүйелі түрде шешу үшін атқарушы билікке бірнеше тапсырма бергенін білесіздер. Соның бірі теміржол және әуе билеттерін әділ саудалау және қолжетімді қылу. Осы бағытта қандай шаруалар тындырылуда?

Осы уақытқа дейін пойыздарға жиі-жиі билет тапшылығы туындағаны мәлім. Мұндай жағдайды делдалдармен арадағы алып-сатарлар қолдан жасап келгені жасырын емес. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы жолдауын жариялау кезінде айрықша мән беріп, жауапты мекемелерге қатаң тапсырма бергені ел есінде. Құзырлы мекемелер аз уақыттың ішінде ахуалды оң өзгертті. Қазіргі уақытта пойызға билет сатудың цифрландырылған жаңа жүйесі енгізілді. Бірінші кезекте ол кассалық операцияларды қырағы қадағалап, адамның ықпал жасауына мүмкіндік бермейді. Қысқасы, операторлармен алып- сатарлардың сыйбайластығын түбегейлі жойыпты.

Диас Ахметшәріп, «Қазақстан темір жолы» АҚ баспасөз хатшысы:

Елбасының тапсырмасына сәйкес, пойыз билеттерін...

Бүгінде жолаушылар үшін біріңғай күту парағы енгізілген. Яғни қайтарылған немесе бос тұрған билеттерді алуға кезекке тұрасыз. Бос орын табылған жағдайда жолаушыға екі сағат көлемінде сатып алуға мүмкіндік беріледі. Осылайша, теміржол билеттерінің әділ саудасы қалыптасуда.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауда әуе билеттерінің қымбатшылығына айрықша назар аударғаны белгілі. Соңғы бір айдың көлемінде дәл осы мәселе бойынша нақты шаралар қабылдануда. Мәселен, қазір отандық әуе компаниялардың ішкі бағыттар бойынша жаңа рейстер ашуы жеңілдетілген. Яғни толып жатқан рұқсаттамалар саны шегерілген.

Әділет Көбенов, ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің бас сарапшысы:

Бұл шаралар, біріншіден, компаниялар арасында бәсекелестік тудырып, билеттердің арзандауына септігін тигізеді. Яғни бәсекелестікпен бірге таңдау да көбейеді.

Авиабилеттің қымбаттауына негізінен екі себеп бар. Ұшақ тапшылығы және керосин. Қазір Үкіметтегілер аталған екі түйткілді шешуге күш салуда. Атап айтқанда, Самұрық-қазынамен бірлесіп Air Astana және Qazaq Air-ді капиталдандыру арқылы олардың әуе паркін жаңа ұшақтармен толтырмақшы. Алдағы он жылда 60-қа тарта әуе кемесін алу жоспарланған. Бірінші кезекте FlyArystan тұр. Отандық лоукостерде қазір небары 2 ұшақ. 4-5 жылда оның санын 15-ке жетізбекші.

Айбек Әлжанов, ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы:

Біз билеттің бағасын арзандату үшін әуелі керосиннің мәселесін шешуге кірістік. Қазір Энергетика министрлігімен авиаотын бағасын түсіру жұмыстары жалғасуда. Үш мұнай өңдеу зауыты толық жаңғыртудан өткен соң, сұраныс толық қанағаттандырылады. Қазір онсыз да Ресейдің керосиніне тәуелділікті азайттық.

Рейстер көп, ұшақтар аз. Тұтынушыда таңдау шамалы. Президент тапсырмасынан кейін, Үкіметтегі жауапты тұлғалар ширақ қимылдап, «алдағы 2-3 жылда ахуалды түбегейлі өзгертеміз» деді.

Ербол МӘНДІБЕК


Хабарламаларға жазылу