Алды келіп, ауылдарға орналасып та үлгерді. Жергілікті әлеуметтік мекемелер мен шаруа қожалықтарына жұмысқа орналасты. Өз ісін ашып, кәсіпкерлікпен айналысатындар да бар.
Сағындық Сәбитұлы, тілші:
Жаңа қоныс. Жаңа өмір. Жаңа жұмыс. Күнгейден теріскейге көшкен ағайынның қазіргі күйі осындай. Қоныс тепкен мекендері құтты болуы үшін барынша жағдай жасалуда. Жаңадан үйлер салынып, тұрақтап қалуы үшін жұмысқа орналастырылады.
Бұл - Қызылжар ауданындағы Чапай ауылы. Биыл 12 үй тұрғызу жоспарланған. Заманауи құрылыс материалдарынан салынған баспананың 5-еуі тапсырылды. Жаңа үйге енгендердің бірі - Арыстан көшіп келген Дүйсен Оспанов.
Дүйсен Оспанов, қоныс аударушы:
Үй көңілімнен шығып тұр. Бәрі бар ішінде. Газ плитасы, әжетханасы бар. Бәрі ұнады.
Перизат Боранбаева да биыл көшіп келді. Қазір жергілікті мектептің бастауыш сынып мұғалімі. Құшақ жая қарсы алған жергілікті ағайынға айтар алғысы шексіз.
Перизат Боранбаева, қоныс аударушы:
Басылды қорқынышымыз. Дұрыс екен, алдамайды екен, рас екен, мемлекеттік бағдарламаның қолдауымен жүзеге асырылып жатыр екен. Пәтер бергесін қуанышымызға қуаныш қосылды, жұмысқа тұрдым.
Былтыр теріскейге 600-ге тарта отбасы келген еді. Биыл да бұл көштің қарқыны бәсеңдемейді.
Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:
Бүгінгі күнге дейін бізге 518 отбасы немесе 1600 адам көшіп келді. Биыл жыл соңына дейін тағы 700 отбасыны немесе 2000-нан аса азаматты көшіруді жоспарлап отырмыз.
Тұрғызылып жатқан үйлердің бағасы 7-10 миллион теңге шамасында. 5 жыл тұрғасын өз аттарына аударып алады.
Сағындық Сәбитұлы