Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысында ірі келісім жасалады деп күтілуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысында ірі келісім жасалады деп күтілуде

30.09.2019

Еуразиялық экономикалық одақтың керегесі кеңейеді. Ертең Ереванда өтетін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысында ірі келісім жасалады деп күтіліп отыр. Одаққа мүше бес мемлекет Сингапур Республикасымен еркін сауда аймағын құру туралы құжатқа қол қоюы тиіс. Осы маңызды жиынға қатысу үшін Армения астанасына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та барады. Біздің арнаның түсірілім тобы да қазір Ереванда. Тілшіміз Альбина Әшім байланысқа шыққалы тұр. Альбина, Мемлекет басшысы Арменияға қашан келеді және кеңес отырысынан сарапшылар не күтіп отыр?

Альбина Әшім, тілші:

Қайырлы кеш, құрметті көрермендер. Қазір Ереванда сағат кешкі алты. Яғни, біздің елмен екі сағат уақыт айырмашылығы бар. Қазақстан Президентінің борты санаулы минуттардан соң Армения астанасының әуежайына қонуы тиіс. Қазақ басшысымен қоса Еревандағы отырысқа Ресей, Беларусь, Қырғызстан президенттері де келеді деп күтілуде. Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ жанындағы бақылаушы мемлекет Молдованың да басшысы қатысады. Ал құрметті қонақтар: Иран және Сингапур президенттері. Ертеңгі жиында, әсіресе соңғы елге үлкен мән беріледі. Өйткені одаққа мүше мемлекеттер Сингапур Республикасымен еркін сауда аймағын құру туралы келісімге келеді деп күтілуде. Бұл Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін мемлекеттер үшін АСЕАН ға, яғни алты жүз миллион халқы бар нарыққа жол ашылады деген сөз. Сондықтан ертеңгі отырысты барлық тараптар үлкен үмітпен күтіп отыр. Армения сарапшысы Виген Акопян бұл келісімнің одаққа мүше елдер үшін қандай мүмкіндіктер ашатанын айтып берді. Қазір назарларыңызға алдын-ала жазылған сұхбаттан үзіндіні ұсынамыз.

Виген Акопян, саясаттанушы:

Ертеңгі келісімнің маңыздылығы Одақпен тағы бір елдің әріптестік орнатуында ғана емес. Сингапур біздің елдер үшін дамудың моделі іспеттес. Өйткені Сингапур бізге қысқа уақыттың ішінде артта қалып қойған елдер қатарынан суырылып шығып, әлемнің көшбасшы мемлекеттердің біріне айналудың үлгісі бола алады. Бұл елде жемқорлық жойылған десе болады. Саяси, экономикалық тұрғыдан болсын, Сингапурдың барлық бағыттағы модельдері маңызды. Ал жалпы Одақтың мүмкіндіктеріне келетін болсақ, меніңше, мемлекеттер зияткерлік бағытта да бірлесе жұмыс істеу керек. Бұл ретте Сингапурдың озық технологияларын ұтымды қолдануға болады.

Сингапурмен келісімнен бөлек кеңестің отырысы аясында ортақ қаржылық нарықтың тұжырымдамасы бекітіледі деген жоспар бар. Егер бұл құжат қабылданса, 2025 жылға қарай Алматыда одақ жанынан тағы бір орган құрылуы тиіс. Жалпы, мемлекет басшылары Одақ аясындағы мемлекетаралық әріптестікті нығайту үшін қажет қадамдарды пысықтап, алдағы уақытқа жоспарды бекітуі тиіс. Сарапшылар кезекті кездесу достық қарым-қатынаста өтетініне сенімді. Отырыстың жылы атмосферада өтуіне ауа райы да жайлы жағдай жасап қойғандай. Елордамызда кейбір нысандарға жылу берілгенін естіп жатырмыз. Ал Армения астанасы Ереванда бүгін сынап бағанасы плюс жиырма беске дейін барды. Ал енді кеңес отырысының саяси температурасы қандай болатынын ертең біле аламыз. Әзірге қолда бары осы. Сондықтан, Саламат, сөз кезегі өзіңде.

Альбина ӘШІМ


Хабарламаларға жазылу