Қостанайда шаруалар онсыз да аз шыққан астығымыз арзанға кетіп жатыр деп шағымданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайда шаруалар онсыз да аз шыққан астығымыз арзанға кетіп жатыр деп шағымданды

27.09.2019

Онсыз да аз шыққан астық арзанға кетіп жатыр. Себебі қабылдаушы орындар өнімнің сапасын төмендетіп көрсетеді. Қостанай облысының Арқалық қаласына қарасты ауылдардағы шаруалар осылай деп шағымданып отыр. Оның үстіне биыл мұндағы екі бірдей ірі элеватор жұмысын тоқтатқан. Ал басқа кәсіпорындардағы қоймалардың сыйымдылығы аз. Осының бәрі өнімді сату мен сақтауға кесірін тигізіп тұр.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Мынау алқаптың жиегінде жатқан Мирный ауылындағы шағын қожалықтың бидайы. Шамамен 30 тоннадан асады. Шаруаның өзінің айтуынша, сапасы жақсы, қамырлылығы жоғары. Алайда делдалдар оны 5-ші класқа жатқызып арзанға алғысы келеді. Бұл әрине, шаруа үшін тиімсіз. Шығынын да өтемейді.

Ерлан Айтбаев 400 гектар алқапқа бидай еккен. Соның жартысынан астамын жинап алды. Бірақ өнімді өткізу қиынға соғып тұр. Қаржысы да таусылды. Жұмысты әрі қарай жалғастырып, жиын-терінді толық аяқтау үшін 7 тонна астықты амалсыз арзанға беруге мәжбүр болған.

Ерлан Айтбаев, шаруа:

Мысалы, бір элеватор менің бидайымды төртінші класқа жатқызды. Бірақ 5-класс ретінде қабылдамақшы. Себебі жеке сақтайтын орын жоқ, сондықтан ортақ қоймаға құйғанда басқа өніммен араласып сапасын жоғалтатынын айтады. «Сондықтан тек сенің бидайыңды төртінші класпен қабылдау тиімсіз, өзіміз шығынға батамыз»,- дейді.

Төртінші класты бидайдың тоннасы сапасына қарай 60 мыңнан бастап, 70 мың теңгеге дейін. Ал бесінші класты өнімнің құны елу мың теңгеден аспайды. Шаруалардың айтуынша мұндай баға алдағы жылы тұқым алып, егін салмақ түгілі, биылғы шығынды да өтемейді. Астық қабылдаушылар болса: «Біреуді алдап пайда табудан аулақпыз»,- дейді. Соңғы күндердегі толассыз жаңбырдың кесірінен бидайдың сапасы күрт төмендеген.

Қуаныш Ерденов, элеватор директоры:

Әрине бір жылғы еңбектері. Сенгісі келмейді. Бірақ біздің зертханамыз қашанда ашық. Жасыратыны жоқ. Келеді, өз көздерімен көреді. Анализ жасап жатқан кезде де қасында тұрады.

Биыл Арқалық қаласында астық қабылдайтын 2 орын жұмыс істеп тұр. Олардың жалпы сыйымдылығы - 57 мың тонна. Ал осы өңірден қазірдің өзінде 138 мың тонна өнім жиналған. Яғни қабылдау орындарының аздығы да шаруалардың астықты тиімді бағаға өткізуіне кесірін тигізіп тұр.

Руслан Құлетов, Арқалық қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

Шағым болды. Қабылдау пункттерінде кезек көп болуы. Соған қарамастан, таныс-тамыр арқылы өткізіп жатыр деген сияқты. Бірақ ешқандай заң бұзушылық анықталған жоқ. Сапасы түсіп кеткені рас. Зертханадан тексергенін өзіміз қарадық, көрдік.

Берешекке белшеден батып, банкрот деп танылған Арқалықтағы екі элеваторға қазір жаңа инвесторлар іздестіріліп жатыр. Бірақ оларды биыл іске қосу мүмкін емес.

Дәуренбек ӘБДІБЕК


Хабарламаларға жазылу