Балқаш маңындағы ауылдардың өмірі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балқаш маңындағы ауылдардың өмірі

26.09.2019

Алматы облысында бірнеше елді мекен халқы Балқаш көлінен балық аулап, отбасын асырап, жан бағып отыр. Биыл қайраннан жалпы көлемі 15 мың тонна балық аулауға рұқсат етілсе, оның 3 мың тоннасы Балқаш ауданындағы Құйған ауылының балықшыларына тиесілі. Соңғы жылдары көлдің арнасы кеңейіп, су молайған. Бұл өз кезегінде балық қорының да артуына себепші. Шалғайдағы балықшы жұртының тыныс-тіршілігі жайлы Қуаныш Қанатұлы әңгімелейді.

Құйған ауылы аудан орталығы Бақанастан 220 шақырым, ал облыс орталығы Талдықорғаннан 540 шақырым. 1,5 мың халқы бар елді мекен ортасынан Іле өзенінің бір тармағы қақ жарып ағып жатыр. 

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Дәл осы жерде Іле өзені Балқаш көліне құяды. Сондықтан осындағы елді мекенді Құйған деп атайды. Ал ауылдағы 300-ден астам отбасы осы көлден балық аулап, нәпақасын табуда. 

Бұл жолы жел күшейіп, көп балықшы теңізге шықпады. Дегенмен көл жағасынан қабада салып, балық торып жүрген бірен-саран балықшыны байқадық. Солардың бірі - Виктор Мытерко. Ол екінші буындағы балықшы. Аталары өткен ғасырдың басында Еділ жағасынан жер аударылған. «Содан бері көл бізді асырап келеді», - дейді. Күніне 100 келідей балық өткізеді.

Виктор Мытерко, балықшы:

Балқаш көлі бәрімізді асырап отыр. Өткен ғасырдың 20-шы жылдары ашаршылық кезінде осы көлдің арқасында жұрт аман қалды. Еділ казактарымыз. Мен бала-шағамды осы көлдің арқасында аяқтарына тұрғыздым. 

Балқашта негізінен балықтың 10-нан астам түрі бар. Негізінен сазан, көксерке, дөңмаңдай, ақ амур сынды балықтар сұраныста. Бірақ соңғы 10 жылда жыланбас балық көбейіп кеткен. Мамандардың айтуынша, бұл балықтың көбейуінің басты себебі жыланбас балық өз шабақтарын басқа жыртқыштардан қорғайды. Сондай-ақ өзі басқа балықты жеп қоректенетін көрінеді. 

Сейітжан Сатанов, балық қабылдау пунктінің бас инженері:

2008 жылдан бастап. Ең алғаш 2008 жылы көрдім жыланбалықты. Көбейіп кетті жыланбалық. Сазан балық, көксерке азайып бара жатыр.

Дегенмен бұл балықтың да еті қаладағы мейрамханаларда үлкен сұранысқа ие. Себебі сүйегі аз, еті көп әрі дәмді келеді. Өсіп жетілуі де жылдам. Балық аулайтын және қабылдайтын кәсіпорындар жыл сайын көлге бір миллионға дейін шабақ жіберіп, балық қорын өздері де молайтуға үлес қосуда. 

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу