Ақтөбе қаласын қоқыс басып барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе қаласын қоқыс басып барады

19.09.2019

«Қаланы қоқыс басып барады!» Ақтөбеде, тұрғындар тұрмыстық қалдықтардың апталап жиналмайтынын айтып шағымдануда. Ал қала билігі коммуналдық төлемді уақытылы төлемейді деп тұрғындардың өздерін кінәләйді. Оның үстіне тазалыққа жауапты компаниялардың бірі мерзімінен бұрын жұмысын тоқтатқан. Мәселе толығымен қашан және қалай шешілмек?

Қоқысқа көміліп жатқанын айтып шағымданатын тұрғындар өте көп. Солардың бірі — Ергенбай Нұғманов. Ол: «Қаланың қақ ортасында тұрсақ та, қоқысқа көмілген ауламызға шығудан қалдық»,- дейді. Сондықтан жергілікті биліктің тез арада әрекет етуін талап етеді.

Ергенбай Нұғманов, қала тұрғыны: 

Мына қоқыс деген еш жиналмайды. Үнемі осындай. Қағаздар, бәрі шашылып жатыр. Балалар ойнайды мына жерде. Барлық қоқыс осында келеді.

Жағдайды білу үшін қала әкімімен қоса облыс басшысының өзі аулаларды аралады. Тау боп үйіліп жатқан қоқыс алаңдарын өз көздерімен көрді. Айтуларынша, бұған дейін тұрақты жұмыс істеп келген тазалыққа жауапты компанияның бірі өз жұмысын тоқтатқан. Соның кесірінен қала орталығындағы қоқыс уақытында шығарылмай отыр.

Оңдасын Оразалин, Облыс әкімі: 

Қолдан жасалған жағдай. Бұрынғы мердігер өзінің жауапкершілігін төмендетіп, қызметінен бас тартты. Жылдың аяғына дейін өз міндетіне алып еді. Бәрін аяқтаймын деп. Мекемелердің әлсіз, жүйесіз түрде істеген жағдайын тоқтатуымыз керек.

Жауапты мекеме өкілдері мәселені жедел шешуді мойындарына алды. Алдымен, техника паркін жаңарту көзделіп отыр. 

Руслан Мамунов, «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басшысы: 

Алдағы күндері жаңадан екі қоқыс таситын көлік аламыз. Ал жыл соңына дейін техника паркін жаңарту көзделіп отыр. Яғни тағы 40-50 көлік алынады.

Әкімдік өкілдері: «Тазалыққа тұрғындардың өздері немқұрайлы қарайды»,- дейді. Мәселен, қоқыс шығару үшін төленетін ай сайынғы ақыны халықтың 60 пайызы ғана төлеп отыр. Қазір шаһардағы тариф адам басына 104 теңге. Бұл еліміз бойынша ең төмен бағаның бірі. Сондықтан жаңа жылдан бастап тариф құнын өсіру көзделген.  

Жақсыбек Кемал, тілші: 

Қазірге дейін жиналған қоқысты тазартуға қала әкімдігі көмектесуде. Мәселе бір тәулік ішінде толық шешілуі тиіс. Одан кейін тазалыққа жауапты компаниялар кестеге сай жұмысын жалғастырмақ.

Жақсыбек КЕМАЛ


Хабарламаларға жазылу