Шығыс Қазақстандағы Аягөз қаласы мен бірнеше ауылға өткен жылы таза ауыз су тарту үшін қазынадан 2 милиард 600 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. 8 жоба жасалып, елді-мекендерге су жүргізілуі тиіс еді. Алайда тек бір ауыл ғана тіршілік нәріне қол жеткізген. Қалған жобалар бойынша мердігер компаниялар жұмыстарын аяғына жеткізбей, жарты жолдан шашып тастап кеткен. Ең сорақысы, жергілікті әкімшіліктің мамандары: «Мердігерлер міндетін мінсіз орындап, барлығына су тартып берді» -деп есеп беріп, жұмысты қабылдап алған.
Ержан Жақып, тілші:
Тіршілік нәрінен талай жылдан бері таршылық көріп келген елді мекендердің бірі — Аягөз ауданына қарасты мына Ақшатау ауылы. Соңғы жылдары қазынадан қыруар қаржы бөлініп, таза ауыз су тарту жұмыстары жүргізілген. Алайда нәтижесінде елді мекендегі кейбір үйлерге ғана су жеткен. Ал ауылдың басым бөлігі әлі күнге сусыз отыр.
Ақшатаудың байырғы тұрғыны, жетпіс жастағы Естай ақсақал қазір суды ауыл шетіндегі бұлақтан алып отыр. Таза болмаса да, сүзіп ішуге жарап тұр деп, өзін жұбатып қояды. Алайда ауылдың бас жағына ауыз судың тартылып, орта жолдан аяқсыз қалғандығына айтып, налиды. «Оның үстіне «жұмыс бітті» деп шенеуіктер есеп беріп қойғандығын да жұрт біліп отыр»,- дейді ақсақал.
Естай Саматов, Ақшатау ауылының тұрғыны:
«Жұмыс аяқталды» деп өтірік қол қоя салыпты. Ал су, міне қазірге дейін жоқ. Әлі біткен жоқ. Мынау Дөненбай жақты әлі қазып жатыр.
Мердігер компания өкілдері шынымен ауылды әлі қазып жатыр. 2018 жылдың қарашасында аяқталуы тиіс жұмыстар, тағы бір жылға созылып кеткен.
Нұртөлеу Дүйсенбаев, Аягөз аудандық маслихатының депутаты:
Жалпы жеңіл болады деп ойлаған ғой. Сметаның, оған жасалған экспертизаның нақтылығына көз жеткізбей. Қазір өзі тендердің пәлесі осы болып кетті ғой.
Ал Мыңбұлақ елді мекенінде, ауылдың дәл ортасымен жер қазылып, құбыр тартылған. Одан әрі жұмыс кілт тоқтаған. 600- ге жуық тұрғыны бар ауыл халқы қазір уақытпен ғана қосылып өшетін 2 құдықтан құдықтардан су тасып ішеді.
Қапура Омарова, Мыңбұлақ ауылының тұрғыны:
Мыңбұлақ ауылына су тартылады дегенде кереметтей қуанғанбыз. «Су келетін болды!» -деп. Бірақ қуанышымыз ұзаққа созылған жоқ. Мердігерлер орта жолда тастап кетті. Енді неге ол тастап кеткенін біз білмейміз.
Ауданындағы Қопа ауылында да жағдай осы. Ал Аягөз қаласының өзінде су тарту жұмыстарының 4-ші кезеңі аяқсыз қалған. Шаһардағы ет комбинаты ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы берілуі тиіс жерлердегі су жүйесінің құрылысы да тоқтап тұр. Жергілікті әкімшілік бұл мәселелерге қатысты, мән-жайды ашып айтуымызды сұрағанымен, көп ештеңеден хабарымыз жоқ деп қысқа қайырды.
Медет Тәтенов, Аягөз аудандық ТҮКШ және құрылыс бөлімі бастығының орынбасары:
Бір жоба бойынша қазір сотқа берілген. Қазір сот процесі өтеуде. Және қалған 6 жоба бойынша бүгінгі күнде тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Енді ол тергеу амлдары аяқталғанға дейін, қандай жұмыстар жасалынғаны, жасалынбағыны жайлы бізде ақпараттар жоқ.
Қазір құқы қорғау орғандары су тартумен айналысқан 3 бірдей мердігер компания өкілдері мен бітпеген істі қабылдап алған аудандық құрлыс бөлімінің бастығын тергеп жатыр. Қылмыстық іс қозғалған. Құқық қорғаушылар әзірге бір мердігердің 115 миллион теңгенің жұмыстарын атқарылмағандығын анықтапты. «Басталған 7 жобаның түгелдей аяқсыз қалғандығын ескерсек, шығын шаш етектен болуы мүмкін»,-дейді мамандар.
Ержан ЖАҚЫП