Қарағандыда ақындар айтысы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыда ақындар айтысы басталды

18.09.2019

Қарағандыда мемлекет, қоғам қайраткері, ақын Сәкен Сейфуллиннің 125-жылдығына және жастар жылына арналған Халықаралық ақындар айтысы басталды. Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында өткізіліп жатқан шара екі күнге созылады. Қазір айтыс өтіп жатқан Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық драма театрының ғимаратынан тілшіміз Руслан Нұрланұлы бізбен байланысқа шығады. 

Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына арналған ауқымды шаралардың бірі осы халықаралық ақындар айтысы. Шараны өткізудегі мақсат мемлекет қайраткері, ақын, Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығын насихаттау, қазақтың ұлттық өнерінің өрістеуіне, жастардың мәдени, рухани дамуына, шығармашылық деңгейінің өсуіне жағдай жасау. Айта кету керек, жыр додасы Қарағанды облысы әкімдігінің және «Nur Otan» партиясының қолдауымен өтуде.

Халықаралық жыр додасына 4 елдің айтыскер ақындары қатысуда. ҚХР, Моңғолия, Қырғызстаннан келген бауырларымыз сахнада өнер көрсететін болады.Сондай-ақ Бекарыс Шойбеков, Жандарбек Бұлғақов , Айбек Қалиев, Мақсат Аханов, Дидар Қамиев жыр додасын қыздыра түспек. Шараны Қазақстан Респуликасының еңбек сіңірген қайраткері, ақын Жүрсін Ерман жүргізуде. Айтысқа Еңбек ері, Қазақстан Республикасының халық артисі, - Асанәлі Әшімов бастаған қазылар алқасы төрелік етеді. «Qazaqstan» Республикалық телерадиокорпорациясы АҚ шараға ақпараттық қолдау көрсетуде. Мендегі ақпарат осы. Жыр додасының жеңімпаздары ертең анықталады. Ол туралы міндетті түрде хабарлаймыз. 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу