Педофилдерден балаларымызды қорғаудың қандай амалы бар? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Педофилдерден балаларымызды қорғаудың қандай амалы бар?

14.09.2019

 «Адам ұят, ар, мейірім, әділдік, алдамау деген қасиеттерінен айырыла бастағалы екінші ғасыр. Оның орнына жауыздық, ашқарақтық, озбырлық, опасыздық, кісі өлтіру сияқты көне қалыптағы тағылық жаңа өнерлі түрін тауып, өрлеп барады» деп жазып қалдырған Ғабит Мүсірепов. Сол тағылықтың өзгені былай қойғанда өзімізді сорлатқан тұса сирек емес. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті мынадай мәліметті мәлім етті. 2019 жылдың алты айында елімізде 647 зорлау жағдайы тіркеліп, жарты жыл ішінде қылмыстың осы түріне барған 405 адам анықталған. Оның ішінде арсыздардың құрбанына айналған кәмелетке толмаған ұл-қыздарда бар. Нәпсісін құрықтаудың орнына, құрығына түсіретін құрбан іздеп мектеп пен ойын алаңын торуылдап жүрген қылмыскер көбейіп кетті. ХХІ ғасыр ғылым мен білімнің, жаңа технология мен озық ойдың заманы деп жаһанға қанша жария салсақта айуаннан өткен арсыздардан ұл-қызымызды толық қорғай алмай қор болған қоғамға тап келдік. Іргедегі елдермен салыстырғандар бізде ары тапталған адам тым көп екенін мына көрсеткіштен көреміз. Иә, бұл өткен жылғы мәлімет, бірақ биыл да бұл сандар түбегейлі өзгерген жоқ дейді тәуелсіз сарапшылар. Құзырлы орындар қарап отыр деп айыптаудан аулақпыз, азғындармен күресте билік пен бұқара болып бөлінсек жеңілген тұсымыз сол болады. Сондықтан үйдегі еркеміз ертең арсыздың ермегіне айналмасын десек қоғам боп қордаланған түйткілдің түйінін табар кез келді. Қасиетті Құран Кәрімде адамның арын таптау, зина жасау ең ауыр күнә екені айтылған. Экранның алдындағы біздің көрермен біледі мұны. Бірақ азғындарға бұл тоқтау болмай тұр. Қазақ мұндайда: «Құдайдан қорықпағаннан қорық» дейді. Қорқамыз, өйткені әлпештеп өсірген ұл-қызымызды қылмыскерден қорғауға қауқарымыз жете ме деп жүрексінеміз. Бізде кәмелет жасына толмағандарға қарсы жыныстық зорлық жасағандар аз жазаға кесілмейді. Бірақ жаза, ойын баласының ойран болған ар-ұятын қалыпқа келтіре алмайды. Сұмдығы осы. Хәкім Абай «адамның бір қызығы бала деген» дейді. Сол қызығымыздың бақытты балалығын бөтен біреу былғамас үшін қайтпек керек? 

Хабарламаларға жазылу