Қазақстандық балалар Испанияның атақты Реал Мадрид футбол клубының ойыншыларымен кездеседі. Алматыда осы жолдама үшін еліміздегі балалар үйі тәрбиеленушілерінің арасында футболдан республикалық жарыс өтті. Аталған турнир биыл 7-ші рет ұйымдастырылды.
10-қыркүйекте басталған чемпионатқа еліміздің әр аймағынан 12 команда қатысты. Олардың барлығына да ұйымдастырушылар тарапынан арнайы сыйлықтар үлестірілді.
Балжан Тұрсын, ұйымдастырушы:
Екінші, үшінші орындарға бізде Реал Мадридқа саяхат болмаса да, балаларға кубоктар мен медальдар табыстай аламыз. Балалардың келетін жері, жататын жері, автобустары, қай жерге қыдырады, қандай киім киіледі, барлығына қарап шыққан болатынбыз. Соның барлығын ұйымдастыра алдық.
Ақтық кезеңге Рудный және Тараз қалаларынан келген командалар жолдама алды. Матч 1:0 есебімен Жамбылдықтардың пайдасына шешілді. Ал жеңімпаздарға кубок пен сыйлықтарды елге белгілі футболшылар табыс етті. Енді алдағы уақытта балалар армандаған Сантьяго Бернабео стадионына барып, тамашалайды.
Темірлан Данилко, жеңімпаз:
Қазақстан бойынша балалармен футбол ойнап, жарысқа барғанымызға өте қуаныштымын. Финалға жетіп, финалда бірінші орын алып, Испанияға баратын болдық. Қуаныштымын, көп-көп рахмет сіздерге.
7 жыл ішінде жеңіске жеткен 64 тәрбиеленуші Еуропаның беделді клубтарына саяхаттап қайтқан. Олар «Барселона», «Милан», «Бавария» «Атлетико Мадрид», «Челси», «Пари Сен-Жермен» клубтарына барып, Месси, Роббен, Торрес, Неймар сияқты футбол әлемінің жұлдыздарымен көрісіп, сұхбаттасқан.
Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ