АҚШ-тың Нью-Йорк штатының губернаторы Эндрю Куомо электронды темекіге тыйым салатын заң ұсынды. Болжам бойынша, Америкада «вейпинг» деп аталатын зиянды әдеттен 33 штатта шамамен 450 адам ауыр дертке ұшыраған. Олардың бесеуі қайтыс болды. Ал Нью-Йорк штатында шілдеден бері өкпе ауруына шалдыққан 41 жағдай тіркеліпті. Сондықтан билік бұл оқиғаларға тергеу жүргізіп, дәлел тапқанға дейін, электронды шылымнан бас тартуға кеңес беріп отыр.
Денсаулық сақтау ұйымының хабарлауынша, вейпинг-өнімдердің құрамындағы есірткі заттары, Е дәруменінің ацетаты және түрлі майлар дем алғанда аса қауіпті. Олар өкпе обырына шалдықтыруы мүмкін. Сондықтан Куомо «электронды темекінің қауіпсіз екендігі анықталғанша, одан бас тартқан жөн» дейді. Егер аталған заң күшіне енсе, Нью-Йорк Мичиганнан кейін мұндай шешім қабылдаған екінші штатқа айналмақ.
Жансая Қапасқызы