Жинақтаушы зейнетақы қорындағы ақшаны қай санаттағы азаматтар және қандай тәртіппен мерзімінен бұрын қолдана алады?

08.09.2019

Жинақтаушы зейнетақы қорындағы ақшаны қай санаттағы азаматтар және қандай тәртіппен мерзімінен бұрын қолдана алады?

Мемлекет басшысы «Жұмыс істейтін азаматтар өздерінің зейнетақы жинағының бір бөлігін белгілі бір мақсатқа, соның ішінде баспана сатып алуға немесе білім алу үшін пайдалану мәселесін жыл соңына дейін пысықтауды Үкіметке тапсырамын» дегенінен кейін көпті қызықтырған сауал. Алайда Президент «Пысықтауды тапсырамын» - деді. Демек біріншіден, солай болады дегенді білдірмейді. Екіншіден, солай болғанның өзінде баршаға қолжетімді болмайтыны түсінікті еді.

Белгілі экономист Олжас Құдайбергенов ақпарат құралдарына берген комментарийінде біздегі қазіргі 10 проценттік салым негізінде пәтер сатып алу қиын дегенді айтады.

Себебі адамдардың басым бөлігінде - 60-70 процентінде зейнетақы жинағы 1 млн теңгеден аз. Ал жиғаны көп қазақстандықтардың пәтері бар, дейді сарапшы. Құдайбергеновтің пікірінше, зейнетақы салымына пәтер сатып алу мүмкін болуы үшін оның жүйесін өзгерту керек. «Егер 18-ге толған азаматты зейнетақы салымының белгілі бір бөлігін «Тұрғынүйжинақбанкіне» құйып отыруға міндеттесе, ол азаматтың пәтер алу мүмкіндігі зор», деген. Сингапурде әрбір азамат төлейтін 30 процент салықтың 10 проценті баспана үшін, 10 проценті білім алуға, 10 проценті медициналық қызметке бөлінеді. Және бір тиынын да қолма-қол ақшаға айналдыра алмайсыз, деп қосқан эксперт.

Бірақ біздің жүйе басқа ғой... Ұлттық кеңестің отырысында Рақым Ошақбаев зейнетақы қорының ахуалын сипаттаған: алғашқы жарты жылдықта нақты табыс 0,09 процентті құраған.

Сарапшы табыстың төмендігін ғана емес, сақтаудың төмендігін айтыпты. Жалпы, жылына 12 рет төлемді 2,5 млн ғана адам жасайды екен. 6,6 млн адамның салымы 1 млннан аспайды. 5 млн теңге салымды бар-жоғы 282 мың адам жинаған. Ал қорды басқарушылар қорды басқарғаны үшін ғана 45 млрд теңге комиссия алады! Әкімшілік шығындарының өзі 20 млрд теңге! Ошақбаевтың айтуынша, мысалы, Қаржы министрлігінің шығыны 6 млрд. Сонда жарты жылда табысты 0,09 процентке ғана өсіргендер 20 млрд теңге комиссияны неге, қайда жұмсап отыр?


Хабарламаларға жазылу