Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек Қытайдың Қазақстандағы инвестициялық жобаларына қатысты жан-жақты түсініктеме берді. Оның айтуынша, Қазақстан мен Қытайдың бірлескен 55 жобасы қарастырылған. Осы уақытқа дейін оның 15-і іске қосылған. Ол жобаларға 4 мыңға тарта адам жұмысқа тартылған. Вице-премьер сонымен қатар қызметкерлердің 95 пайызы Қазақстан азаматтары екенін атап өтті.
Жалпы, 55 инвестициялық жоба бойынша 20 мыңға жуық жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Ең бастысы, олардың барлығында біздің елдің тұрғындары еңбек ететінін ескертті. Сонымен қатар, Қытайдың «ескі-құсқы» жобалары еш уақытта Қазақстан аумағына кіргізілмейтінін ашып айтты. Экономикалық әрі экологиялық талаптарға сай үздік жобалар ғана мақұлданатынын мәлімдеді. Ал «инвестициялық жобалар бойынша Қытаймен арада құпия келісім жасалған» деген қауесетке былай деп жауап берді.
Жеңіс Қасымбек, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
Ол жалған мәлімет, рас емес. Ондай құпия келісім жоқ. 2015 жылы келісімге қол қойылған екі Үкіметтің арасында бірақ ол келісім Әділет порталында ашық түрде бар. Порталға кіріңіз, оқыңыз, ешқандай құпия жоқ.
Қытаймен арадағы инвестициялық жобалар негізінен ауыл шаруашылығы, металлургия, химия, мұнай-газ, көлік және логистика салаларын қамтиды.
Айта кетейік, тәуелсіздік алғалы бері ел экономикасына 330 млрд доллар көлемінде тікелей шетел инвестициясы тартылған. Соның 50 пайызға жуығы еуроодақ елдерінің үлесінде. 15 пайызы - АҚШ. Қалғаны көршілес мемлекеттерден келген. Қытайдың Қазақстанға құйған инвестициялық үлесі 5,6 пайызды құрайды.
Ербол Мәндібек