«Аманат» платформасының Шымкент қаласы бойынша құрылған штабының мүшелері шаһар аумағындағы сайлау учаскелерінің дайындығын тексеруге кірісті. Құрамында штаб мүшелері, блогерлер бар 17 мобильдік топ әлеуметтік желілерге тікелей қосылу арқылы сайлау өтетін орындарды көпшілікке таныстырып шықты.
Сайлаушылар тізімі, дауыс беру кабиналары, байқаушылардың жайғасатын орнының талапқа сай болуы да олардың назарынан тыс қалмады. Биылғы басты ерекшелік - сайлау учаскелері мүмкіндігі шектеулі азаматтардың барынша сайлауға қатыстыруға толық жағдай жасалып отыр. Құлағында мүкісі бар және көзі нашар көретіндерге компьютер арқылы арнайы аудиожазбалар, үлкейткіш әйнектер дайындалған. Ал көз жанарынан мүлдем айырылғандар сайлау бюллетеньдерін саусақпен сипап көру арқылы өз таңдауын жасай алады.
Жалпы, Шымкент қаласы бойынша 260 сайлау учаскесі жасақталған. Олар 19-да дауыс беру жабық түрде өтеді. «Аманат» штабының мүшелері 9 маусымға дейін сайлау учаскелерін түгелдей аралап, көріп шықпақ.
Ербол Дайрашов, «Аманат» платформасы Шымкент қалалық штабының жетекшісі:
- Бірақатар учаскелерде кейбір жағдайлар да тіркеліпті. Кейбіреуінде стандарттар сақталмаған. Пандус, айналма жолдың дұрыс болмауы секілді мәселелер шыққан. Оны біз арнайы протокол жасап, сайлауға дейін ол мәселелердің жойылуына әрекет жасаймыз.
Ғани ҚАЛМАХАН