Несиесі кешірілетін 5 миллион азамат қарызынан құтылу үшін қандай құжаттарды, қайда өткізу керек? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Несиесі кешірілетін 5 миллион азамат қарызынан құтылу үшін қандай құжаттарды, қайда өткізу керек?

29.06.2019

«Көшуден бұрын, керуен басыңды сайла. Қарыз алудан бұрын, береріңді ойла» дегенді қазақ айтқан. Несие алғанда ағайын бермеймін, енді қайтіп банкке келмеймін демейді. Қажеттілік болғасын қарыз алады, тәуекелге барады. Қайтаруға келгенде кейде қиналып қалады. Қазір қаптап кеткен кепілсіз несиелер бар ғой, тұрмыстық техника сатады, болмаса аз-кем ақшаны өсіммен дереу ұсына қояды. Қарапайым қараша қиналғанда соларға жүгінеді. Артылатын жүгін ойлап үлгермейді. Өйткені қаржыдан қысылып қиналғанда пайызды есептеп паңданып жүрмейді жұрт.

Әлемдегі алғашқы долларлық миллиардер Джон Дэвисон Рокфеллер «әзіл айту мен қарыз алу кенет болу керек» депті. Кенеттің кесірі міне, 2019 жылдың басында берілген ақпарат, қазақстандықтардың қаржы орталықтарының алдындағы қарызы 6 триллион теңге делінген. Бұл сапта алғанын беруге қауқары бар ағайын көп, өкініштісі тізімде тігерге тұяғы жоқ жұрт та жетерлік. Сәрсенбіде сөз алған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «несиемді төлеуге көмектессеңіз» деп өтініш жасайтын ағайынның аз емесін айтты. Мінберде тұрып мұқым елдің алдында үлкен міндет алды Президент. Әлеуметтік әлжуаз топтардың: көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айрылғандар отбасылар, мүгедек баланы бағып отырған жандар мен кәмелет жасына толмай ата-анасынан айрылған отандастардың несиесін мемлекет өтейтінін, кейбірінің төлем қабылетін қалыпқа келтіру үшін кредиттерінің пайыздары мен үстемақылар алып тастайтынын жеткізді. «Қасқыр қарызын терісімен төлейді» деген бар. Қарызды күліп беріп, жұртты жылатып қайтарып алатын қаржы ұйымдарынан ағайынды осылай арашалап қалмақ бүгінгі біздің билік. Осы тұста ақын Еркебұлан Қайназаровтың айтыста айтқаны ойыма оралып тұр: «Оян қазақ деуші еді, Міржақыптың ұраны. Атамыздың айтқаны, Санамызда тұр әлі. Жалақысын ала алмай, Кредитін жаба алмай. Оянбақ түгіл бұл қазақ, Ұйықтай алмай жүр әлі». Президенттің шешімінен соң енді кімдер тыныш ұйықтай алады, қарыздың қамытынан құтылу үшін қайда барып құжат өткізу керек? Назым Қайрат айтады, көріңіздер...

Хабарламаларға жазылу