Депутаттар өңірлерді аралап жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Депутаттар өңірлерді аралап жүр

27.08.2019

Еліміздің ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп пен кәсіпкерлік саласындағы басым бағыттарды халыққа жеткізіп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудандарда іске асырылған жұмыстармен танысу бүгінде ел аралап жүрген халық қалаулыларының негізгі тірлігі. Дәл осындай мақсатта Меркі ауданына барған Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай өңірдің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты.

Ол алдымен Меркі ірімшік зауытына барды. Мұнда 40- қа жуық сүт өнімдерінің түрі шығарылады. Бүгінде зауыт 126 адамды жұмыспен қамтып, маусымдық кезеңде күніне 35 тоннаға дейін сүт қабылдайды. Ешқандай қоспасыз, табиғи өнім шығарып жатқан кәсіпорын басшылығы халық қалаулысына мемлекеттен қолдау болса жаңа құрылғы алуға көмек беруін сұрады. Себебі, 70- жылдық тарихы бар ірімшік зауытында техникалар да ескірген. Мәжілісмен парламент қабырғасында кәсіпкерлік нысандарын қаржылай қолдаудың түрлі жолдары қарастырылып жатқандығын айтты.

Дархан Мыңбай жұмыс сапары барысында Меркі аудандық №18 балалар және жасөспірімдер спорт мектебіне барды. Онда балаларға жасалған жағдаймен танысып, №9 Савва атындағы мектептегі робототехника бөлмесінің ашылу салтанатына қатысты. Депутат жұмысын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында биыл ашылған Тұрар Рысқұловтың музейінде қорытындылап, мұнда өзінің қолтаңбасын қалдырды

Сәбит ӘЛДЕБАЙ

Хабарламаларға жазылу