Президент бастамасымен құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі алғашқы отырысын өткізуге дайындалып жатыр. Бүгін кеңес мүшелері бағдарды айқындап, жұмыс кестесін пысықтау үшін елордада бас қосты. Ұлттық кеңес құрамына кіретін мемлекет және қоғам қайраткерлері, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері алдағы уақытқа жоспарды талқылап, арнайы жұмыс топтарын құрды. Кеңес үш бағытқа: әлеуметтік, саяси және экономикалық мәселелерге басымдық беріп отыр. Бүгінгі жиында кеңестің жұмысын үйлестіру және кездесулерді ұйымдастыру тәртібі көбірек сөз болды. Ал басты, әрі бірінші отырысына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қатысады деп жоспарланған.
Қырымбек Көшербаев, ҚР Президент әкімшілігінің басшысы, Ұлттық кеңес төрағасының орынбасары:
Ұлттық кеңесте ел ішінде қордаланған мәселелер талқыға салынады, мемлекеттік құрылымға қатысты кез келген өзекті әрі өткір проблемалар ашық қозғалады. Кеңес мүшелерінің қызметін тиімді ету үшін әр сала бойынша жұмыс топтарын құру туралы шешім қабылданды. Бұл қадам – күрделі проблемаларды жүйелі әрі кешенді түрде шешуге ықпалдасады деген сенім бар. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен 6 қыркүйек күні өтеді.
Альбина ӘШІМ