Ән сұңқары Әсет Бейсеуовтың 80 жылдығына орай Қарғалы ауылында ескерткіш ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ән сұңқары Әсет Бейсеуовтың 80 жылдығына орай Қарғалы ауылында ескерткіш ашылады

19.10.2018

Қазақстанның Халық әртісі Әсет Көпбайұлы Бейсеуов 1938 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданы Қарғалы ауылында дүниеге келген. Ол қазақ музыка өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Композитордың «Алмалы Алматым», «Гүлдер», «Шақырады көктем», «Мұңайма», «Алтыным», «Маралдым», «Сандуғаш», «Сырласу вальсі», «Жұлдызым», «Армандастар», «Жайықтан қайтқан тырналар» туындылары қазақ ән өнерінің алтын қорына енді.

Сондай-ақ, Бейсеуов бірнеше спектакльге («Қыз жиырмаға келгенде», «Аса құрметті Икс»), кинофильмге («Көртышқан мен қоян»), телефильмдерге («Алдар көсе», «Жаздың соңғы күні») музыка жазды. Бірқатар ән жинақтары жарық көрді. 1999 жылы Жамбыл ауданы Қарғалы ауылының орта мектебіне, 2003 жылы ауыл көшесіне композитордың есімі берілді. Сондай-ақ, 1999 жылы қазақтың ән сұңқарының шығармашылығын ұрпаққа кеңірек таныстыру мақсатында музей де ашылған.

Биылғы жылы 80 жылдық мерейтойына орай Қарғалы халқының ұсынысымен ауыл орталығына композитордың мүсінін орнату қолға алынды. Ескерткіштің тұғыры дайын, бейнесі қоладан құйылып жатыр. Таяу күндері ескерткіш салтанатты түрде ашылмақ.

Өнерді құрметтеген халқы барда композитордың есімі ұрпақтан-ұрпаққа қала бермек.

 

Толық нұсқа

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу