«Men Qazaqpyn» жобасында кезекті жеті өнерпаз сайысқа түсті (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Men Qazaqpyn» жобасында кезекті жеті өнерпаз сайысқа түсті (ВИДЕО)

30.09.2018

Бүгін «Qazaqstan» Ұлттық арнасынан «Men Qazaqpyn» мега жобасының екінші маусымының төртінші шығарылымында жеті өнерпаз бақ сынады.

«Күй» аталымы бойынша Жәнібек Жәмиев, Ғабдуллин Жанатбек, Досым Мақсұтов сахнаға шықты.

«Дәстүрлі әнде» Динара Шынарбаева пен Жалын Құнанбай өзара сынға түсті.

Ал, «Терме» жанрында Бақытжан Түктібаев пен Нұрсұлтан Қасым бақтарын сынады.

Бірінші болып өнер көрсеткен атыраулық күйші Жәнібек Жәмиев. Ол Шалқыманың «Жантөре» күйін тартты. Қазылар алқасының мүшесі Хатимолла Бердіғалиев «Жәнібек күйді өте жақсы орындады», –  деген пікірін білдірді.

Екінші болып сахна төріне ақтөбелік әнші Динара Шынарбаева шықты. Ол Қ. Тұрдалының «Ойкөк» шығармасын шырқады. Оның орындаушылығына қазылар алқасы мынадай баға берді:

Хатимолла Бердіғалиев: «Динараның ән айтуы жаман емес. Мен қанағаттандым дей аламын».

Әлқуат Қазақбаев: «Динара өзіне тән дыбыстың ерекшеліктерімен жалпы Ақтөбе өңіріне тән әуенмен әнге рең беріп орындап шықты. Маған ұнады», - деді.

Ал, Шығыс Қазақстан облысының намысын қорғайтын Бақытжан Түктібаев Ж.Кәрменовтың «Жігіттерге өсиет» термесін көпшілікке тарту етті. Оның өнеріне Ұлжан Байбосынова: «Бақытжан бұл термені осы жоғарғы деңгейде айтуға тиіс болатын. Бірақ мен сондай орындаушылықты тыңдай алмадым. Құрғақ орындау болды. Кей тұстарда айқайға басып кетті. Осы тұрғыдан көңілімнен аса шыққан жоқ. Орташа орындау», - деген бағасын берді.

Жобада Моңғолиядан келген Ғабдуллин Жанатбек С. Жұмажанұлының «Арман» күйін орындады.

Ал, Керекуден келген әнші Жалын Құнанбай Естайдың «Жай қоңыр» әнін шырқады. Оның орындаушылық шеберлігін Хатимолла Бердіғалиев аса жоғары бағалады.

Келесі болып Қостанай облысының термешісі Нұрсұлтан Қасым «Men Qazaqpyn» сахнасында бағын сынады. Ол А. Байтұрсыновтың «Файзоллаға хат» термесін шырқады. Алайда, шығарма жобаның шартына сай келмегендіктен қазылар алқасы Нұрсұлтанға тағы бір мүмкіндік берді. Өнерпаз екінші шығарма ретінде Қ.Көзжұманұлының «Тойбастар»-ын орындады.

Ұлжан Байбосынова «Орындауың жаман емес, бірақ ұстаз, мектеп көрмегендік сәл байқалып тұр. Қайырымда, иірімде сол жетіспеді. Барынша тырысып бақтың, өзінше орындап шықтың. Дегенмен, келешекте көбірек дайындалу керек» деген пікірін білдірді.

Жобаның 5-шығарылымын астаналық Досым Мақсұтов Махамбеттің «Жауға шапқан» күйімен аяқтады. Күйшінің өнеріне қатысты ой білдірген Айгүл Үлкенбаева «күйді жақсы бастадың. Ішкі қобалжуың саған қатты әсер етті. Сол қолың бақылаудан шығып кетті. Өкінішке қарай, күйді алып шыға алмадың» деген сынын жеткізді.

Еске сала кетейік, «Men Qazaqpyn» мега жобасын әр жексенбі сағат 21:05-те Ұлттық арнадан тамашалай аласыздар. 

Хабарламаларға жазылу