16 шілдеде елордадағы «Тәуелсіздік сарайында» ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Астана қаласының әкімдігі және ҚР Сәулетшілер одағымен бірлесе Халықаралық сәулетшілер конгресінің ашылу рәсімін өткізеді. Конгрес жұмысы 18 шілдеге дейін жалғасады. Шара Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу аясында ұйымдастырылған.
Конгресстің мақсаты: кәсіби тәжірибе алмасу, әлемдік сәулет өнерінің негізгі тенденцияларымен танысу, қазақстандық және шетелдік жетекші сәулетшілермен шығармашылық байланыстар орнату, отандық заманауи сәулет өнерін дамыту,
Конгресс аясында «Қалалық орта: дәстүрі мен келешегі» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді. Конференцияда пленарлық отырыс пен екі панельдік сессия өткізу қарастырылған:
Жаңа қалалар. Жаңа келбет;
Әлеуметтік жобалау. Ауладан бастап қалаға дейін.
Шара шеңберінде сонымен қатар, «Құндылықтарды синтездеу. Жаһандық контекстегі локалдық сәйкестік» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өткізілмек. Жас сәулетшілер мен студенттер стартап уикенд форматында өткізілетін «Қалалық орта: «Ақылды» аудан» байқауына қатыса алады. Конгресс аясында шеберлік сабақтары, шетелдік танымал сәулетшілердің дәрістері, «Ортаны қалыптастыратын кім?» тақырыбында диалог алаңын өткізу жоспарланған.
Жиынға шетел сәулетшілері, үкімет пен бизнес өкілдері, отандық сәулетшілер, девелоперлер, технологиялық компаниялар мен жобалау бюроларының өкілдері, инженер-жобалаушылар, ЖОО сәулет өнері факультетінің студенттері, қала белсенділері және БАҚ өкілдері қатысады.