Жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаев Алматы студиясының қонағы болды. Жазушының пікірінше, нарықтық экономикаға барлық саланы, оның ішінде әдебиет пен театрды бейімдеу керек. Оны қалай жүзеге асыруға болады?
«Нарықтық экономика жаңалық емес. Нарықтық экономика – адамзаттың дамуының жолындағы мыңдаған жылда қалыптасқан қоғамның дамуы. Егемендік алғалы біз жаңа қоғамға өттік. Ол кезеңдерде мен жас едім. Не істеуге болады деген мәселе мазалап, «Іскер Америка» кітабын оқыдым. Кітапта осы замандағы Америка мен оның қоғамы қалай дамығаны туралы оқыдым. Оның ішінде әдебиет, кино, театр туралы арнайы бөлімдер бар. Біздің кеңес дәуірінен келе жатқан әдісіміз дұрыс емес екеніне көзім жетті. Ол туралы мақала да жаздым.
Нарықтық экономикаға бейімдеу деген шығындарды өзі өтеуді білдіреді. Дүниедегі бай адамдар бизнесінің қатарында кітап бизнесі дамыған. Мысалы, кез келген дүкенге кірсең кітаптардың 90 пайызы ресейлік. Кәсіптің ең дамыған түрі – кітап сату. Ал, бізде қалай? Бізде ол үшін мемлекеттен қаржы бөлінеді. Мұндай тәжірибе басқа елде жоқ. Өйткені, оларда кітап шығару нарықтық экономикаға бейімделген.
Жазушылардың ауызбіршілігі болып, үкіметке алақан жая бермей, әншілерден тәжірибе алу керек. Мәселен, олар ән жазып, бейнебаян түсіріп, ол өнімді сатуды біледі. 10-15 жылда әдебиетті қаржыландыру тоқтайды. Әдебиеттің болашағы нарықта.
Театр саласында көп қызмет жасағаннан кейін мұнда да осындай жағдай екенін білемін. Барлық салмақ мемлекетке салынған. Театр да пайда табатын орын. Шет елдің біраз театрлары келеді елімізге. Билеттің құны 7 мыңнан 25 мыңға дейін. Халық барып жатыр. Ал, біздің театрға халық бармайды. Неге? Өйткені, халықты тартып, қызықтыру керек. Дүниежүзі бойынша талап осындай.
Театрдың өнері туралы режиссер, актер емес, сыншылар сөйлеу керек. Әлемде ешбір режиссер өз туындысын мақтап жатпайды. Бағаны сыншы мен халық беру керек. Драматург ретінде принципім - халық ұнайтын дүние жасау керек.
Біз тарихи кезеңді бастан өтіп жатырмыз. Бізде ең үлкен мәселе – Тәуелсіздікті дұрыс пайдалану», - дейді жазушы.