«Киік лағын өргізетін мезгіл» қай уақытқа сәйкес келеді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Киік лағын өргізетін мезгіл» қай уақытқа сәйкес келеді?

21.05.2018

Халқымыз киік немесе ақбөкен деп атайтын жануар Сарыарқаның кең жазығында, шөл, шөлейтті жерлерде тіршілік етуге бейімделген. Киік – қоңыр аң, қазақ даласының көркі. Дене тұрқы қойға ұқсас, дөңес тұмсықты, күйіс қайтаратын жануар. Ол негізінен қазақ даласы мен Моңғолия жерінде ғана сақталған.

Текелерінің тұрқы 126-150 см, салмағы 37-49 келі, ал, ұрғашылары сәл кішірек, шамамен 109-127 см, салмағы 22-37 келі. Ақбөкендердің табынында жүздеген, мыңдаған бас бар. Әдетте топты текелер емес, ұрғашы киік бастап жүреді.

10-12 жыл аралығында өмір сүретін киіктер көктемнің кеш туатынын немесе қыстың қарлы, боранды суық болатынын алдын ала болжап, біледі. Киіктер көбіне егізден, кейде үш лақтан туады. Енесі өлген лақты кез келген киік жатсынбай емізіп, ертіп алып кетеді. Жаңа туған лақ екі-үш сағат ішінде еміп, аяқтанып кетеді. Киіктің лағын құралай деп атайды.

Халқымызда ауа райының құбылмалы кезеңіне байланысты айтылатын «Құралайдың салқыны» осы мамыр айының 18-21 жұлдызы аралығына дөп келеді. Қазақта осы мезгілде «киік лағын өргізеді» деген ұғым бар.

Киікті халқымыз киелі жануар деп есептейді. Ел арасында ақбөкенді атқан адам бақытсыздыққа ұшырайды деген сенім бар.

 

 

Толық нұсқа

Хабарламаларға жазылу