Мемлекеттер арасындағы келісімге келудің қиындауы – әлем үшін күрделі кесел. Елордада өтіп жатқан «Global Challenges Summit 2018» XI Астана экономикалық форумында сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Астана экономикалық форумының экономикалық мәселелерді талқылаудың негізгі алаңы болып отырғанын атап өтті.
«АЭФ - әлемдегі экономиканың инвестициялары мен инновацияларының ең маңызды мәселелерін талқылау алаңы болып отыр. Былтырғы форумнан бері біз әлемдегі орасан зор өзгерістердің куәгері болып отырмыз. Жаңадан текетірестер пайда болуда. Мемлекеттер арасында келісімге келу қиындап бара жатыр, әсіресе, ірі мемлекеттер арасында. Бұл - әлем үшін өте күрделі кесел. Осы қиындықтарға қатысты мәселелерді әркімнің объективті түрде талқылау мүмкіндігі болуы керек. Сол себептен биылғы форум жаhандық сын-тегеуріндерге тиімді жауап беруге бағытталған», - деді Елбасы.
Естеріңізге саламыз, XI Астана экономикалық форумы 17 мамыр мен 19 мамыр аралығында өтеді. Бұл жолы дәстүрлі тақырыптар – жаһандық экономика, цифрландыру мәселелерінен бөлек, геосаяси, экологиялық проблемалар, урбанизация, табиғи ресурстар, жаңа энергия, ғаламдық қауіпсіздік, адамзаттың сапалы өмір сүру ұзақтығы сынды түйткілдер көтеріледі.
Нургалиева Фатима