«Мақпалдың мекені» айдарының бүгінгі қонағы – психолог Зарина Хантөре.
«Адам бірден бақытты болмайды. Қазіргі қалпым – өзімнің жасап алғаным. Оны қалай жасадым? Қиналдым, ашуландым, соңында өмірді қабылдамадым. Өйткені менде «неге?» деген сұрақ көп туындайтын. 9 жасымда анам қайтыс болды. Әкем мен анамның арасындағы түсініспеушілікті көрдім. Екеуі ажырасып, анам апам екеумізді нағашылардың қолына алып кетті. Ажыраспай тұрып, әкем сотталып кетті. Одан кейін анамды жұмысында өлтіріп кетті. Кейін біз жетімдер үйінен бір-ақ шықтық. Осы күнге дейін жетімдерді көрсем, сол балалық шағым есіме оралады.
Апамыз жетім деп бағып, «құрбан» позициясында бойжеттім. Одан кейін тұрмыс құрдым. Ол кісі өмір көрген, менің балалығым, еркелігім қалмаған. Әйел екі жағдайда таяқ астына түседі. «Құрбан» күйінде күйеуіне табынады немесе әйел адам ашынып кетеді.
Психология әлеміне бір күнде келген жоқпын. Ол үшін 15 жыл еңбек еттім. Ауырдым, жан тыныштығы болған жоқ. Барлығы болса да, бірақ бақыттымын деп айта алмадым. Жан-дүниеңді түсінбесең, ешқандай дәрі көмек бермейді. Тек өзіңе сұрақ қойып, саралағанда ғана өмірің кемелденеді», - дейді қонақ.