Көпшіліктің сүйікті телехикаясына айналған «Мәриям» телехикаясының кейіпкерлерін қазақша сомдайтын дубляж режиссері Нұргүл Бекетаева мен театр және кино актері Данияр Сыбанқұлов студия қонағы болды.
Қонақтар 21 ақпан күні Ұлттық арна көрермендеріне жол тартқан «Мәриям» телехикаясы, дубляждың қыр-сыры туралы сөз қозғады.
Нұргүл Бекетаева:
«Мәриям» телехикаясы – су жаңа телехикая. 2017 жылы тамыз айында тұсаукесері өтті. Бұл телехикаяның басқа жобалардан ерекшелігі – сериал барлық жастағы көрерменге арналған. Бұл сериал бүгінгі күннің, бүгінгі қоғамда көрініс тапқан дүниелерді көрсетеді.
Дубляж режиссері – актердің дауысымен жұмыс жасайтын тұлға. Жасыратыны жоқ, көбінесе, дубляжда театр актерлері жұмыс істейді. Бірақ театрдың табиғаты бөлек дүние. Себебі, театрдың қыр-сыры мен дубляждың қыр-сыры - екі бөлек нәрсе. Дубляж актері барынша табиғи, шынайы болу керек.
«Мәриям» телехикаясы - Түркияда түсірілген түрік сериалы. Ал, көрермен түрік сериалы екенін ұмытып кетуі қажет.
Ұлттық арнада Филиппин және Түркия елдерінің телесериалдары көрсетілуде. Одан басқа жаңа маусымда Ұлттық арна көрерменге 4 жаңа фильм ұсынатын болады.
Данияр Сыбанқұлов:
Көбінесе жағымсыз актерлерді сомдаймын. Театрда да жағымсыз кейіпкерлерді ойнаймын. Жағымсыз кейіпкердің өз шындығы бар. Мысалы, театрда «Қыз Жібек пен Төлеген» қойылымында Бекежанды сомдадым. Оның да өз шындығы бар.
Дубляж жасаған кезде кейіпкердің синхроны маңызды, бірақ біз пародия жасамаймыз. Дубляж дауысты көрсету емес, біздің тіл арқылы адамның мінезін көрсету.