Айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов «Мақпалдың мекені» айдарында қонақта болды. 26 жасар ақын армандар, жетістіктер, бала тәрбиесіне қатысты сөз қозғады.
«Өзінің баласының үлкен белестерді бағындырғанын қаламайтын ата-ана жоқ. Баланың шын тілеуін тілейтін де ата-ана. Достың өзі де басыңа бақ қонғанда айналып кетуі мүмкін. Ата-анамның әрбір аламан сайысқа түскенде тілеген тілектері орындалды. Солардың тілегімен ел алдында шапқылап, көрініп жүрмін. Мұның бәрі ата-анамның арқасында.
Өзімнің арманым – көп балалы ата-ана болу. Себебі біз отбасымызда екі ағайынбыз. Көпбалалы отбасыға барғанда қызығамын.
Көз ашқалы тек айтысты үйрендім. Басқа шаруамен, кәсіппен айналыспаймын. Өйткені ата-анам да жұмсаған емес. Олар тек қана айтысқа қатысып, сахнаға шығу үшін барлық жағдайды жасады.
Үш баланың әкесімін. Балаларыма өтірік айтқан емеспін. Айтқан сөзімді тастаған емеспін. Сондықтан бірінші орында балаларымның адал болуын қалаймын. Ол үшін өзім адал болуым керек. Балаға талап қойып, сыйақы ұсынып тәрбиелеу дұрыс емес деп ойлаймын. Бала дүние үшін емес өзі үшін әрекет жасау керек», - дейді ақын.