«Таңшолпан» бағдарламасында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор Дүкен Мәсімханұлының отбасы қонақта болды. Бағдарлама барысында профессор Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас пен қытайтану мамандарын даярлауға қатысты ойын ортаға салды.
Дүкен Мәсімханұлы Қытай Халық Республикасында дүниеге келген. Пекинде білім алған. 1993 жылы елге арнайы шақыртумен келген. Ол көптеген Қытай қаламгерлерінің шығармаларын аударып, қазақтілді оқырманға ұсынды.
«Менің Отанға оралғаныма ақпан айында 25 жыл толады. Содан бері қарай жұбайыммен Қазақстанның жетекші жоғарғы оқу орындарында қытай тілінен дәріс беріп, қытайтану мамандарын дайындап келе жатырмыз»,-дейді профессор.
Ол елімізде бұған дейін 5-10 баспа табақтан тұратын кішігірім сөздіктердің барын айтып, Қазақстан тарихында 120 баспа табақтан тұратын көлемді сөздіктің шығуы тұңғыш екенін жеткізді. Сөздікті шығаруға профессор 10 жылдан бері жұмыс жасаған. Оның шығуына Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей қолдау білдірген.