Көмекке мұқтаж жанды көзі көрсе де, жәрдемдеспей сыртынан тамашалап тұратын болды көпшілік, өкінішті. Бәріміз ондай емеспіз деп ақталуға болады әрине, дегенмен міне, мына бейнежазбаны қараңыздар. Желге ұшып, тал қармап жатқан екі қызға көмектесудің орнына сыртынан бейнетаспаға түсірген пысықтың тірлігі бәрімізге таңба емес пе? Ол аздай бұл жазбаны әлеуметтік желіде таратып, астына әуен қойып әрлеген ноқайларды көрдік. Желге ұшып, жанталасқан екі қыздың орнында әлгі таспаға түсіргіш пысықтардың анасы мен әпкесі, қарындасы болса, көрер едім, тырбаңдаған тірліктерін. Өкінішке қарай, бұл бір ғана мысал емес. «Жақсы атың мәңгілікке қалсың десең, сүрінгенді сүйеп қой» деген бар, алайда, жығылғанға жұдырық жұмсайтындар жиілеп кетті. 2015 жылдың желтоқсан айында Қарағанды облысында көк мұз бен боранда жолда қалған азаматтарға көмектесудің орнына жақын жердегі дүкендер нанды 1000 теңгеге сатып адамдықты ақшаға айырбастай салған. 2016 жылы Ақтөбе облысында қар қалың түсіп, сиыр тиеп келе жатқан 11 жүк көлігі жолда қалған. Ол кезде де адамдар нанды 500 теңгеге, бәлішті 200 теңгеге сатып кәсіп жасап қарқ болыпты. Ал, тәуліктеп көлікке тиеліп тұрған сиырларға су сұрағанда, бір цистерна суды 200 еуроға сатқан. Жолда қалып қойсаңыз, әлгіндей құлқынның қамын ойлаған арамтамақтардың талауына түспеу үшін нені білу қажет? Өрттің, судың, қардың ішінде жалғыз қалғанда қайтіп жан сақтауға болады? Гүлжазира Ғалиқызы көрсетеді...