25 жыл ішінде «Таңшолпан» бағдарламасының өсіп-өркендеуіне үлес қосқан жандар жетерлік. Өкінішке қарай, олардың бірқатары бақилық болды.
Рубикжан Яхин таңғы бағдарламада еңбек етіп, бас режиссердің қызметін атқарған. Ұлттық арнаға 1978 жылы келген ол қазақ телевизиясының даму жолында аянбай тер төкті. Еңбек жолын жаңалықтар қызметінен бастаған режиссер таңғы бағдарламадан бөлек, еліміздегі спорттық жарыстардың эфирден көрсетілуіне атсалысты. «Qazsport» телеарнасының ашылуына да күш салды. Ал, 1986 жылы желтоқсан оқиғасы кезінде қанды қырғынды камераға түсіріп, бүгінгі ұрпаққа жеткізудегі еңбегі ерлікке бергісіз әңгіме. Режиссер 59 жасында ауыр науқастан көз жұмды.
«Таңшолпан» бағдарламасы алғаш ашылған жылдары бас редактордың орынбасары қызметін атқарған Бақберген Табылдиев те қазір өмірде жоқ. 1992 жылы Бақберген Табылдиевпен қатар, білікті редактор Кенжебай Жармұхаметов те таңғы бағдарламада қызмет атқарды.
Ұлттық арнада ұзақ жыл қызмет атқарып, «Таңшалпан» бағдарламасына еңбегі сіңген жанның бірі - Құдайберген Қазыбек. Тележурналистің ән жобасы телеарнаның «Алтын қорында» сақтаулы.
Белгілі режиссер, театр және кино актері, драматург Рүстем Есдәулеттің де таңғы бағдарламада қалдырған ізі бар. Алайда, ол көпшіліктің есінде қазақ театрының өркендеуіне үлес қосқан дарынды режиссер және актер ретінде сақталды. Халқымыздың аяулы перзенті 2009 жылы кенеттен көз жұмды.
Ал, Абдолла Сүлейменов - қазақ телевизиясына бүкіл өмірін арнаған жан. 90-шы жылдары ақпараттар бөлімінің шолушысы ретінде халықтың көзайымына айналған журналист «Таңшолпан» бағдарламасының бас редакторы қызметін атқарды.
Қырағы журналист Азамат Қалымбетовтың де дүниеден өткеніне көп болған жоқ. Ол да таңғы бағдарламаның өркендеуіне үлес қосқан жанның бірі.
Балжан Байәлиеваның да «Таңшолпан» бағадарламасындағы орны ерекше. Әріптестерінің есінде көркем мінезбен сақталған журналист көрерменнен келген хаттардағы талап-тілектерін ескеруде тыңғылықты еңбек етті.
Ал, 2007 жылы қазақ телевизиясына Руслан Бөлебай есімді талантты журналист келді. «Таңшолпан» көрермендерінің көзайымына айналған Руслан «КТК», «НТК» арналарында да жұмыс істеді. Бар-жоғы 24 жасында ажал құшқан әріптесіміз өмірінің соңғы жылында әншілік өнерімен көпшілікке танылды. Жас тележұлдыздың экрандағы бейнесі ел жадында мәңгілік сақталып қалады.
Өмірден өткен қызметкерлердің есімдері мәңгі жадымызда сақталады.