Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Астанада Индустрияландыру картасы жобаларын таныстыру және «Алтын сапа», «Парыз» сыйлықтарының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты. Телекөпір аясында еліміздің барлық өңірінен 11 тікелей көрсетілім жүргізіліп, соның барысында Қазақстан Президентіне Индустрияландыру картасының ең маңызды нысандары көрсетілді.
Шара барысында Елбасы экономиканы әртараптандыру үшін инфрақұрылымды дамытудың маңызы зор екенін атап өтіп, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Еуразиялық мультимодальдік көлік дәлізінің іске қосылғанын және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі құрылысының аяқталғанын айтты.
«Осы жылдар ішінде 2 мың шақырым темір жол, 5 мың шақырым автомобиль жолы салынды. Теңіз және әуе айлақтарына қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Құрық портында теміржолға және автомобильге арналған паром кешені іске қосылды. «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы және Ляньюньган теңіз порты жобаларын жүзеге асыру нәтижесінде Азия-Еуропа бағытында Қазақстан арқылы жөнелтілетін контейнерлік жүк тасымалының көлемі жыл сайын еселеніп келеді. Бұл 2020 жылға қарай еліміздің тасымалдаудан түсетін табысын 5 миллиард долларға дейін арттыруға мүмкіндік береді», – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесінің табысты өткенін атап өтіп, Үкіметке көрмеде көрсетілген баламалы және жаңартылатын энергия көздері саласындағы ғылыми жетістіктерді тәжірибеге енгізіп, қолдану үшін жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырды.
«ЭКСПО аумағында «Астана» халықаралық қаржы орталығы, «Жасыл» технологиялар мен инвестицияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық, ІТ-стартаптар халықаралық технопаркі құрылатын болады. Олардың уақтылы іске қосылып, толық жұмыс істеуін қамтамасыз ету керек», – деді Қазақстан Президенті.
Айта кетейік, «Елді жаңа индустрияландыру: Қазақстан барысының серпіні» жалпыұлттық телекөпірін «Qazaqstan» арнасы бүгін 22:00-де көрсетеді.