2016 жылдың 9 айында қазақстандықтар 28,2 мың тонна дәрі-дәрмек тұтынған, 2017 жылдың 9 айында бұл көрсеткіш 36,4 мың тоннаға жетіпті. Бұл біздегі 18 миллион адамның әрқайсысы осы жылдың 9 айында кемі 2 келі дәрі ішті деген сөз. Бұл - дәрумендер мен арнайы вакциналарды қоспағанда шыққан көрсеткіш. Біз тұтынған 36,4 мың тонна дәрі-дәрмек 563 вагонға жүк болады екен. Дертке дауа болса, ішпе демейміз. Осы тұста қарапайым ел біздегі дәрі-дәрмектердің бағасына базына айтады, елден хат та көп келген.
Осы тұста бізге дәрі-дәрмек қайдан және қаншаға келеді деген заңды сұрақ туады. 2017 жылдың 9 айындағы мәлімет бойынша, Қазақстан 64 елден дәрі-дәрмек сатып алған. Көлеміне қарай қарасақ, бірінші Еуропа тұр. Қарт құрлықтан 384,7 миллион долларға сауда жасаппыз, ал, Азия аймағынан 58,9 миллион долларға дәрі сатып алғанбыз. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден 75,3 миллион доллар тұратын медикаменттер алыппыз.
Бізге дәрісін саудалайтын елдердің сапында Чили, Сан-Марино, Пуэрто-Рико сынды экзотикалық елдер де бар екен. Дәрілердің бағасы сапасына сай ма? Гүлжазира Ғалиқызы зерттеді.