Қазақ суретшісі, ҚР Мәдениет қайраткері Жеңіс Кәкенұлы «Таңшолпанда» қонақта.
18-қараша күні Астана қаласында Жеңіс Кәкенұлы, Қалиолла және Райкүл Ахметжанның сурет көрмелерінің ашылуы өтті.
«Қалиолла ағамен өткен көрме жоспарымызда болған жоқ. Бұл көрмені ашу Динара Сәтжанның бастамасы. Қарындасымыздың еліміздің суретшілері үшін көрме жасағаны қуантты.
Әр суретшінің өзіндік стилі бар. Біреуі натюрморт салады, біреуі жануар салады. Мен қазақта бар жылқы суретін салып, елге танылдым. Бірақ, онымен шектелген жоқпын. Ылғи көретін қала көрінісін салатын жайым бар.
Өткен жылы Лондон қаласында «Әдебиет пен кітап» фестивалінде жазушы Айнұр Кемелбаеваның кітабына иллюстрация жасап, жүлделі болдым. Осы уақытқа дейін 200-ге жуық кітаптың мұқабасын безендірдім. Уақытым тығыз болғандықтан, тапсырыс өте сирек аламын. Берлин, Түркия, Манхэттенде көрмелерім өтті.
Қазақтың ұл-қыздары таланттан кем емес. Сол дарынды балалар жақсы ұстаздың қолына түссе екен деп ойлаймын. Сурет салуға қызығу бөлек, өзінен мықты суретшілерге қызыға білу бір бөлек.
Мысалы, өзім бала кезімнен сурет салуды армандаумен қатар, Ахметжановтар отбасына қызығатынмын. Енді міне, солармен бірге қанаттасып көрме ашып отырмыз. Ол да адамның талантпен қоса, суретке деген қызығушылығы. Суретші болам деген бала қандай жағдай болса да жарып шығады», - дейді қылқалам шебері.