Төлеген Мұхамеджановтың әндері шетелдік орындаушылардың репертуарларына қалай енді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Төлеген Мұхамеджановтың әндері шетелдік орындаушылардың репертуарларына қалай енді?

17.11.2017

Бағдарлама барысында «Бірқатар әніңіз ресейлік әншілердің репертуарында жүр. Бұл қалай болды? Өздері келіп ұсыныс жасады ма?» деген жүргізушінің сұрағына Төлеген Мұхамеджанов:

«1983 жылы әділ қазыларға әндерімді көрсеттім. 8 әнімді ойнап көрсеткеннен кейін олар үлкен диск шығаратын болды. Ол кезде бүкіл Кеңес одағында үнтаспамен айналысатын бір ғана фирма бар. «Мелодия» деп аталатын. Жалпы, Орталық Азиядан Мәскеуде «Мелодия» фирмасынан ән жинағым шыққан жалғыз композитор шығармын. Содан кейін олар өздері іздей бастады. Олардың ішінде Ирина Понаровская, Леонид Серебрянников сынды атақты әншілер болды. Әнімді Иосиф Кобзон айтты, жалпы әндерімді 7-8 мемлекеттің әншілері айтты.

Бұдан бөлек, музыкалық кеште шырқалған тамаша әндердің бірі «Отан» әнінің шығу тарихы да ерекше болып шықты.

«Отан жайлы ән жазу ұсынысы түскен болатын. Біраз ойланып жүрдім. Сөйтіп осы әннің әуенін шығардым. Үйде жұмыс үстелімде Мұқағали Мақатаевтың жинағы жататын еді. Кітапты ашып қалсам, ақынның «Отан» деген өлеңіне дәл түсіппін. Бір қызығы, ыңылдап шығарған әуеніме Мұқағали ағамыздың өлеңі дәлме-дәл келді. Ақынның аруағы қолдап, осылайша, бұл ән дүниеге келді», - деді ол.

Сонымен қатар, «Сазгер» хабарында  Төлеген Мұхамеджановтың Шөмішбай Сариевпен бірлесіп, жаңа туындылар жазып жатқаны белгілі болды. Сондай-ақ, Роза Рымбаеваға арнайы ән жазуға уәде берді.

Хабарламаларға жазылу