Филология ғылымдарының докторы Шерубай Құрманбайұлы латын әліпбиінің соңғы ұсынылған нұсқасына қатысты пікір білдірді.
«Ахмет Байтұрсынова әліпби жайында жасаған баяндамасында «Әліпби тілге шақ болуы керек» деген. Бұл сөз ешқашан құнын жойған емес. Бүгінде біз жаңа әліпби жасауда осы мәңгілік заңдылықты ұстанып отыруымыз керек. Өкінішке қарай, біз әліпбиді тілге шақтап жатқан жоқпыз, пернетақтаға шақтап отырмыз.
Технология күн санап дамып жатқан ғасырда өмір сүрудеміз, ертең пернетақтаның да керегі болмай қалатын заман тууы мүмкін. Қазір мәтінді қолмен термей-ақ, айтқаныңызды сол күйінде компьютердің жадына сақтап отыратын технология дамып жатыр. Сол кезде «киелі» деп жүрген пернетақтамыз іске жарамай да қалуы мүмкін. Технологияның қазіргі даму қарқыны өте жылдам.
Сондықтан, біз тілді Ахмет Байтұрсыновтың басты ұстанымын бірінші кезекте ескеруіміз керек. Ахмет Байтұрсынов «екіншіден, әліпби жазуға қолайлы болуы керек», дейді. Бұл да құнын жойған жоқ, мұны да ешкім теріске шығара алмайды. Біз қаламмен, пернетақтамен, немен жазсақ та, ол қолайлы болуы керек»,-дейді Шерубай Құрманбайұлы.
Еске сала кетейік, бүгінгі «1 Студия» саяси ток-шоуы «Латын әліпбиі – ұлт болашағы» тақырыбын талқыға салды. Студияда филология ғылымдарының докторы Шерубай Құрманбайұлы, саясаттанушы Айдос Сарым, А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі Назира Әміржанова және латын әліпбиіне көшу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Алтынбек Шәріпбай қонақта болды.