Бүгін елордада «Астана процесі» «жабық есік» режимінде өтті. Сирия бейбіт келіссөзіне қатысатын барлық тарап, оның ішінде Сирия қарулы оппозициясының өкілдері де Елордаға келді. Кеше Астанада келіссөздегі кепіл елдер – Түркия, Иран және Ресейдің сарапшылары кеңес өткізген болатын. Бүгінгі «Басты тақырып» осы мәселе төңірегінде ой қозғады. Студияда – Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабек.
Кеңестің неге «жабық есік» режимінде өткеніне тоқталған сарапшы:
«Біріншіден, жылдар бойы созылып келе жатқан қақтығысты әрі қарай саясиландыруға жол бермеу үшін, екіншіден, түрлі арандатушылықтарды болдырмау үшін көзделген мақсат, үшіншіден, жалпы осы келіссөздер барысында өте сезімтал мәселелер қозғалатын болғандықтан келіссөздерді «жабық есік» режимінде өткізу барлық тараптың мүддесіне сәйкес келеді»,-дейді.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, келіссөзге Сирия қарулы оппозициясының түрлі топтарының атынан 24 өкіл келді. Олардың кімдер екеніне тоқталған Жұмабек Сарабек:
«Мұнша топ өкілін бір жерге жинау – ҚР Сыртқы істер министрлігінің ерлігіне балауға болады. Көп ел Сирия қарулы оппозициясы ауызбіршілігі бар бір ғана топ деп ойлайды. Шын мәнінде, сириялық оппозиция бір-бірімен қырық пышақ. Оның ішінде түрлі топтар бар. Олар қандай да бір сыртқы күштерге бағынады. Осы топтардың 24 өкілін бір үстел басына жинаудың өзі жақсы көрсеткіш»,-дейді.