Теңге бағамының тұрақтылығын сақтап тұру үшін қандай қарекет керек? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теңге бағамының тұрақтылығын сақтап тұру үшін қандай қарекет керек?

07.09.2017

Ұлттық валюта тағы құнсыздана ма? Ел арасын «ЭКСПО»-дан кейін теңге бағамы құлдырауы мүмкін» деген сыбыс кезіп жүр. Валютаға жауапты лауазымды тұлғалар ақпаратты теріске шығарса да, халық күмәнді. Теңге төңірегіндегі қазіргі ахуал қалай? «Басты тақырыптың» бүгінгі қонағы – «Парасат» жүйелі зерттеулер институтының сарапшысы Наиля Әлмұхамедова.

«Қазақстан шағын және ашық экономикалық елдер қатарында. Әлемдегі болып жатқан экономикалық үдерістерге әсер ете алмайды. Керісінше, ол үдерістер бізге әсер етеді. Сондықтан, валюта бағамының қалыптасуына сыртқы және ішкі факторлардың ықпалы бар және олар әртүрлі болады.

Теңге бағамына ең бірінші, мұнайға әлемдік бағаның өзгеруі, екінші, шетелдік валюта АҚШ долларының жоғарылауы немесе төмендеуі және валютаны реттейтін федералды резервтық жүйе саясатының ауысуы әсер етеді. Сонымен қатар, әсер етуші факторлар қатарында ірі экономикалық әріптестермен байланыс та бар. Қазіргі кездегі біздің ең ірі экономикалық әріптестеріміз – қос алып нарық Ресей мен Қытай», - дейді сарапшы.

Теңге бағамының тұрақтылығын сақтап тұру үшін қандай қарекет керек? Ұлттық банк долларды сатуды ұлғайтса, жағдай реттеле ме? Студия қонағы бұған қатысты «Егер долларды сатуды ұлғайтса, керісінше жағдай орын алуы мүмкін. Ол теріс әсер етеді. Ақша-несие саясаты тиімді болуы үшін Ұлттық банктің жасап жатқан шараларының сенімділігі жоғары деңгейде болуы керек.

Соңғы жылдары теңгемен сақталған депозиттер көлемі артуда. Дегенмен, халық арасында әлі де стереотип қалып отыр. Сондықтан, долларсыздандыру саясаты сенімді және сәтті жүзеге асып жатыр деуге әлі ерте», -деген пікірін білдірді.

 

Толық нұсқа

Хабарламаларға жазылу