ҚР Ұлттық банкі теңгенің долларға шаққандағы дәлізін 198 теңге дейін кеңейтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҚР Ұлттық банкі теңгенің долларға шаққандағы дәлізін 198 теңге дейін кеңейтті

15.07.2015
ҚР Ұлттық банкі теңгенің долларға шаққандағы дәлізін 198 теңге дейін кеңейтті

ҚР Ұлттық банкі теңгенің долларға шаққандағы дәлізін 1 доллар үшін 198 теңгеге дейін кеңейтті. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Қайрат Келімбетов мәлім етті.

«Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Ұлттық банктің негізгі мақсаты баға тұрақтылығын қамтамасыз ету.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Ұлттық банк 2015 жылы ортамерзімді перспективада инфляциялық таргеттеуге кезең-кезеңімен ойдағыдай өтуді қамтамасыз ету үшін ақша-кредит саясаты құралдарының тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар кешенін іске асыруға кірісті.

Айырбастау бағамының инфляция және ел экономикасы үшін едәуір маңызын ескере отырып, қазіргі уақытта Ұлттық банктің валюталық саясаты валюталық дәліз режиміне негізделген, ол бағамның күрт ауытқуларына жол бермей, белгіленген валюталық дәліз шегінде оның деңгейін өзгертуге мүмкіндік береді.

Валюталық дәліз режимінің дамушы елдердің валюталық бағамдарының және мұнайдың әлемдік бағасының жоғары құбылмалылығы мен белгісіздігі кезеңінде еліміздің ұлттық валютасының және қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін барынша оңтайлы және прагматикалық болғанын практика көрсетіп отыр. Олар 2014 жылғы екінші жартыжылдықта айрықша көрініс тауып, Қазақстан экономикасындағы девальвациялық күтулерді қалыптастыруға себеп болды.

Сыртқы экономикалық ахуалдың жақсаруы, мұнайдың әлемдік бағалары құбылмалылығының төмендеуі, дамушы елдердің валюталық бағамдарының салыстырмалы түрде алғанда тұрақтануы Ұлттық банкке өткен жылдың соңында теңгенің күрт ауытқуларына жол бермей, белгіленген валюталық дәліз шегінде теңгенің айырбастау бағамының барынша икемді әрі қалыпты өзгеруіне мүмкіндік берді.

Ортамерзімді перспективада инфляциялық таргеттеуге өту шеңберінде барынша икемді әрі қалыпты бағам белгілеу саясатын жалғастыру мақсатында және теңгенің АҚШ долларына қатысты айырбастау бағамының іс жүзінде валюталық дәліздің жоғарғы шегіне жету фактісін назарға ала отырып, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі теңгенің АҚШ долларына қатысты айырбастау бағамының ауытқу дәлізін ағымдағы 185+3/-15 теңгеден 185+13/-15 теңгеге дейін кеңейту туралы шешім қабылдады.

Хабарламаларға жазылу