«1958 жылдың 8-наурызында Алматы қаласында алғашқы телевизиялық хабарлар жүре бастады. 60 жылдың ішінде ұлан-ғайыр жұмыстар атқарылды. Елімізді, жерімізді дүниеге танытуда қазақ телевизиясының атқарған еңбегі ұшан-теңіз.
«Біздің тарихымыз шағын ғана телестудиядан басталды. Көрсетілетін хабарлар Алматы қаласының төңірегінен асқан жоқ. Бірнеше жылдан кейін «Қазақстан» барлық облыстарда өзінің телевизиялық станцияларын ашып, сонда журналистер қызмет етті», - дейді қазақ телевизиясының ардагері Сұлтан Оразалин.
«Отандық тележурналистиканың алдында үлкен міндеттер тұр. Екі-үш жылдың ішінде біз аналогтық хабар таратудан толықтай цифрлық жүйеге көшуіміз керек. Спутник желісі арқылы теледидар көретін жерлестеріміз де көбейеді. Отандық сериалдардың саны артады. Осы жұмысқа барлық мемлекеттік және жекеменшік арналар атсалысады.Мұның барлығын мықты дәстүр деп білемін. «Qazaqstan» ұлттық арнасы - қазақтың қара шаңырағы», - дейді ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Даурен Абаев.
«2011 жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Ұлттық арна 100 пайыз қазақ тілінде хабар тарата бастады. «Ұлттық» деген сөздің өзі телеарнаның бар болмысын айқындап тұр.
Бүгінде әлем өзгеруде. Еліміз сол әлемде болып жатқан өзгеріспен бірге алға жылжыды. Бұл өзгерістерге телевизия әркез дайын болып, қоғамның болашақтағы дамуын болжай білуі керек. Өйткені, кез келген қоғамдағы телеарна - сол қоғамның тынысы, өмірдің айнасы.
Бүгінгі ұрпаққа қандай дүние көрсетсек, ертең сондай қоғам қалыптасады. Сондықтан, телевизия жаңа қоғамдық құндылықтарды, зор талғамды қалыптастыруда қызмет етіп, интеллектуалды ұрпақтың өсуіне ықпал жасауы керек. Біз - мемлекетіміздің киелі атауын иеленген бірден-бір ұжымбыз. Ол бізге мақтаныш сезім ұялатады және үлкен жауапкершілік жүктейді.
«Qazaqstan» телеарнасының жаңа форматына өзгерген, жаңарған үлгісіне баға берер талғампаз көрермен – өздеріңіз », - дейді «Qazaqstan» телерадиокорпорациясының басқарма төрағасы Ерлан Карин.