Спиннерді қазір екінің бірінен кезіктіруге болады. Бір қарағанда қарапайым ғана айналмалы зат. Алайда, бүлдіршіндерді соншалықты баурап алған нендей қасиеті? Оның пайдасы мен зияны бар ма?
«Spinner» - айналмалы доп дегенді білдіреді. Оны «антидепрессанты ойыншық» деп атайды. Яғни, адамды алдандырып, күйзелістен арылуға көмектеседі.
Енді танымал болғанымен, бұл ойыншық 1993 жылы пайда болған. Оны бұлшықет ауруымен ауыратын америкалық өнертапқыш ойлап тауыпты. Науқас болған соң ол сәбиіне қарай алмай дәл осы өнертабысымен ғана баласын алдандырған көрінеді. Міне, сол уақыттан бері спиннер жер жүзін шарлап кетті.
Үш жапырақты, жарқырауық, дөңгелек, төртбұрышты және тағы басқа түрлері бар.
Дәрігерлердің сөзіне сенсек, спиннер қол моторикасын дамытуға пайдалы. Сондай-ақ, аутизм дертіне шалдыққан балаларды тыныштандыруда таптырмас құрал саналады. Бұдан бөлек, спиннер ойды жинақтауға үлкен септігін тигізеді.
Десе де, бір кемшілігі бар. Бала үнемі қолында айналдырып отыратындықтан бұл оған әдет болып қалыптасады. Осыған байланысты бүгінгі таңда көптеген ата-аналар «бұл ойыншық балаларды сабағынан алаңдатады» деп айтып отыр. Демек, спиннердің пайдасы да, зияны да бар.