Елордада халықаралық «Astana Art Fest-2017» фестивалі басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада халықаралық «Astana Art Fest-2017» фестивалі басталды

17.06.2017
Елордада халықаралық «Astana Art Fest-2017» фестивалі басталды

Астанада Нұржол саяжолында ІІІ халықаралық заманауи өнердің «Astana Art Fest-2017» фестивалі жұмысын бастады.

Бұл туралы Астана әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Astana Art Fest» – бейнелеу өнері, сәулет, мүсін, өнеркәсіптік дизайн, хореография және театр өнерлерін бір алаңда тоғыстыратын кросс-тәртіптік мультимәдени фестиваль.

 Жыл сайын Қазақстан, Ресей, алыс-жақын шетелдерден 70-тен астам автор қатысады. Бүгінгі күні көрмеге 50 жұмыс қойылған. 90 күн ішінде перформанс елорда тұрғындары мен қонақтарын қуантпақ. Фестиваль Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Фестивальдің ашылуына арналған ерекше театрландырылған шоу бүгін сағат 20:00-де басталады. Көрермендерді шараның басты идеясы Nomad Energy тақырыбына негізделген ғажайып перформанс күтіп тұр.

Номад энергиясы – бұл шығармашылық, адамзаттың күш-қуаты мен оны қоршаған кеңістіктің түрленуі. Бүгін Нұржол саяжолына келетіндер жарық сәуле мен отты шоуды тамашалайды, сондай-ақ, фестивальге арнайы дайындалған бірегей хореографиялық нөмірлер мен тұжырымдамалық музыкалық безендірулерді көре алады.

Салтанатты ашылудың басты кейіпкерлері ҚР танымал балет әртісі – Досжан Табылды және ҚР еңбек сіңірген қайраткері, балет әртісі – Жандос Әубәкіров.

Қала күніне орай 6-8 маусым күндері Art Fest көрмесі павильонының ашылуы өтеді. Бұдан бөлек, осы күні қазақстандық және шетелдік театрлардың көше қойылымдары болады. Сонымен қатар панельдік пікірталастар, шеберлік сыныптар, урбанистік тақырыптағы лекциялар мен өнердің экологияға ықпалы сынды тақырыптардағы арт-форум ұйымдастырылады. Қала күнінде тап осы алаңда альтернативті қазақстандық музыканың концерті өтеді.

Фестивальдің кеңістігі 7 бөлімнен тұрады: заманауи өнер, сәулет, өнеркәсіпті дизайн, музыка, театр және перформанс, fashion, nomad 2.0.

Сонымен қатар, фестивальге келушілер сулы-жасыл саяжолында орналасқан коворкинг–аймағын да аралай алады. Ұйымдастырушылар аталған аймақтың ерекше болуына мән берген. Онда кез келген адам акцияға қатыса алады. Шараның талабы – өзінің жеке затын қазақ батырларының кескіні бар жейделерге ауыстырулары тиіс. Қатысушылардан жиналатын заттар кейін қайырымдылық шараларына жіберіледі.

Хабарламаларға жазылу