Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан:
Үштілділік қазір ауадай қажет. Үштілділік дамымаса, заманның көшіне ілесе алмай қалатынымыз анық. Бірақ, оны оқыту балабақшадан не болмаса 1-2 сыныптан басталмауы керек. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, бала 11-12 жасқа жетуі керек. Қай сөздің қай тілде екенін түсінбейтін жастағы балаға ағылшынша оқыту – қастандық.
ҚР Білім және ғылым министрлігі ЖОО кейінгі білім беру департаментінің директоры Дархан Ахмед-Заки:
Бұл жерде оқыту тәсілін, яғни, методикалық тұрғыдан дұрыс бағытқа қою керек. Ағылшынды 1-сыныптан бастап енгізудің бірден бір себебі - үштілділікті енгізуді жылдамдату. Еліміз бойынша гранттың 75 пайызы қазақ тіліндегі топтарға бөлінеді. 450 мың студенттің 80 пайызы қазақ тобында оқып жатыр. Оның қаншамасы ағылшын тіліндегі оқу бағдарламаларына қатысып жүр.
Қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы:
Осы жылдар ішіндегі БҒМ қателігі – оқулық болсын, бағдарлама болсын, ғалымдардың, ұстаздардың ұсынысы талданып, талқыланған жоқ. Қазақ тіліндегі оқитын балалардың бәрі қазақ тілінде сауатты сөйлемейді. Адамның білімділігін екі-ақ нәрсе бойынша, сауатты жазуы мен ойын қазақ тілінде ашық жеткізе алуымен өлшеуге болады. Оның ағылшынша білгенінің қажеті қанша, егер оқып келгенін халыққа түсіндіре алмаса?! 80 пайыз қазақ отырып, орысша сөйлейміз. Мұны әлі күнге Кеңес үкіметінен көріп келеміз. Ендігі 5 жылда кімнен көреміз?!
Білім саласындағы реформалар мен өзгерістер туралы өткен «1 студия» бағдарламасының толық нұсқасы