«Басты тақырыптың» бүгінгі қонағы - Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбеков. Тақырып: Мұнай нарығындағы ахуал.
Қара алтынның құны қысқа күнде қырық құбылып тұр. Сарапшылар әзірге «жауырын ашып, жорамал айтуға» құлшынып отырған жоқ. Бұл экономикалық құбылыс біздің елге қаншалықты әсер етеді? Сұхбат осы мәселе аясында өрбіді.
Соңғы 2-3 жылда мұнай құны 2 есе төмендеп кетті. Баға неге құлдырап барады? Мұның саяси астары бар ма?
«Біздің бағалауымыз бойынша, оның бірнеше себептері бар. Сонымен қатар, геосаяси және геоэкономикалық ықпалдарды да ескерген абзал. Объективті түрде келсек, мұнайдан басқа балама энергия көздері дамып жатыр. Оның ықпалы 30-40 пайыз болса, 60 пайызы геосаяси және гэоэкономикалық факторларға байланысты. Мұнайдан импорттаушы елдер ұтады. Экспорттайтын елдерде төлем балансында тапшылық пайда болады, бюджет кірістері азая бастайды.
Біз институтта мұнайдың 100 жылдық баға трендін зерттедік. Бір ғасырда баға қалай өсті, қалай құлдырады? Бағаның ең көтерілген уақыты 1979 жылы болған. Екінші рет көтерілу – 2008 жыл, шарықтаудың үшінші кезеңі 2014 жылы болған. Бұл жылдары үлкен саяси оқиғалар болғанын білесіздер. Біз бұдан алпауыт елдердің қара алтыннан түскен табысын халқының әлеуметтік жағдайын жақсартуға ғана емес, сонымен қатар, қару-жарақты қаржыландыруға көп бөлетінін көреміз. Сондықтан, мұнай құнының құбылуына геосасяи факторлар көп әсер етеді», дейді сарапшы.