Бүгін Оңтүстік Кореядағы президент сайлауында «Тобуро» демократиялық партиясының атынан сайлауға түскен кандидат Мун Чжэ Ин жеңіске жетті. 64 жастағы саясаткерге сайлаушылардың 41,1 пайызы дауыс берген екен.
Мун Чжэ Ин кім? Жаңа президент жаңа саясат ұстана ма? Бұл Қазақстан мен Корея саясатына қалай әсер етуі мүмкін? Бүгінгі «Басты тақырыпта» осы мәселелер қамтылмақ. Студияда – халықаралық сарапшы Дәулет Ибраев.
Мун Чжэ Ин білім алған Кенхи университетінде оқыған сарапшы Корея халқының саяси мәдениеті жоғары екенін айтады.
«Корея жастарының саясатқа қызығушылығы жоғары. Тіпті, мейрамханаларда демалып отырса да, айтатын әңгімелері – саясат. Осы жылы сайлауға 77,2 пайыз адам қатысты.
Мун Чжэ Ин – саяси сахнада көптен бері жүрген адам. Еңбек жолын заңгер болып бастаған. Сол кездері қарапайым халыққа кеңесті тегін берген. Содан бері халықтың құрметіне бөленіп келе жатқан жан»,-дейді сарапшы.
Студия қонағы сонымен қатар, жаңа президенттің Солтүстік Кореямен диалог құруға дайын екенін айтты.