Берік Арын: Оңалту орталықтары жұмысының нәтижесінде жүздеген азамат радикалды ойларынан арылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Берік Арын: Оңалту орталықтары жұмысының нәтижесінде жүздеген азамат радикалды ойларынан арылды

04.05.2017

Елбасы тапсырмасымен әзірленген 2017-2020 жылдарға арналған Дін саласындағы мемлекеттің саясаттың діттегені не? Онда қандай басымдықтар нақтыланған?
Құжатта радикал діндердің алдын алу үшін нақты қандай тетіктер қарастырылған? Тұжырымдама қалай жүзеге асырылады?

Осы және басқа да өзекті сауалдарға бүгін «Басты тақырыпта» ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арын жауап берді.

Бұл құжатта радикал діндердің алдын алу үшін нақты қандай тетіктер қарастырылған?

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арын:

2 мамыр күні өткен Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының Дін саласындағы 2017-2020 жылдарға арналған саясатының тұжырымдамасы мақұлданды. Бұл Тәуелсіздік жылдарынан бері алғаш рет қабылданып отыр. Дін саласы бір орында тұрған жоқ. Өкінішке қарай, әлемде болып жатқан келеңсіз оқиғалар, осы дін саласындағы деструктивті діни ағымдар біздің елімізден тысқара қала алмады. Қазіргі таңда қоғамда жекелеген азаматтар еліміздің сан ғасырлық салт-дәстүрін, рухани құндылықтарымызды, мәдениетімізді мойындамай, жат идеологияны енгізгісі келеді. Сондықтан, бұл салада біз мемлекеттік органдардың өзара әрекеттесуінің жүйесін жетілдіруіміз қажет. Сонымен қатар, еліміздегі зайырлы қағидаттар мен зайырлы өмір сүру үлгісін насихаттау, оны ары қарай дамыту, азаматтарымыздың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ету, көпдінді мемлекетіміздегі дінаралық татулықты сақтау – негізгі мақсатымыз.

Идеологиялық тұрғыда қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

«Жоғарыда айтып өткен тұжырымдама аясында біз биыл Қазақстан Республикасының кейбір заңнамаларын, атап айтқанда «Діни бірлестіктер және діни қызмет» саласындағы кейбір заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді жоспарлап отырмыз. Соның шеңберінде көптеген мәселелер қарастырылады. Соның бірі – азаматтардың шетелде діни білім алуын реттеу. Ал, ақпараттық-түсіндіру жұмысына келер болсақ, бұл бір жолға келтірілген мәселе. Қазіргі таңда елімізде 300-ден астам ақпараттық-түсіндіру топтары жұмыс істейді. Өткен жылы бұл жұмыспен еліміздің 2 миллионнан астам азаматы қамтылды. Ал, биыл 500 мыңға жуық азамат қамтылған. Осы жұмыстың аясында азаматтардың діни сауаттылығын арттыруға, ұлттық құндылықтарымызды, мәдениетімізді насихаттауға теріс діни ағымдардың жетегінде кеткен азаматтарды оңалтуға айрықша көңіл бөлінді.
Мәселен, көптеген өңірлерде «Шапағат», «Ақниет», «Нұрлы білім», «Шаңырақ» секілді ақпараттық түсіндіру орталықтары жұмыс істейді. Сонымен бірге, бұл жұмысқа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да тартылған. Мәселен, биыл оңалту орталықтарының жұмысының нәтижесінде түзеу мекемелерінде отырған 180-нен астам азамат, 300-ден астам аса діндар азаматтар радикалды ойларынан арылып, дәстүрлі ортаға қайта оралды. Ал, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ақпаратына сәйкес, басқарма өткен жылы 500-ден астам адамның дәстүрлі ортаға қайта оралуына себепкер болған».

Хабарламаларға жазылу