12 сәуірде Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарық көрді. Мақала әлеуметтік желілерде жан-жақты талқылануда. Саясаттанушы Айдос Сарым Ұлттық арна төріндегі «Басты тақырыпта» қонақ болып, Елбасы мақаласына қатысты ойын білдірді.
«Елбасының бұл мақаласы - сөзсіз идеологиялық мақала. Яғни, саясаттың алаңына шыққан, саяси дискурсты жаңартатын дүние. Бұл - бірінші қолдайтын нәрсе. Екіншіден, мақаланың ішіндегі ұлттық модернизация, латын қарпіне көшу, оқулықтар, гуманитарлық білім беру мәселелерінің қозғалуы - кез келген ұлтшыл азаматтың ойында жүрген мәселелер. Оның болашақтағы үлкен мемлекеттік бағдарламаға айналуы құптарлық шаруа», дейді саясаткер.
Сонымен қатар, саясаткер «мақаланың тек ана тілінде шығуының себебі неде?» деген сауалға жауап берді.
«Мұның астары бар сияқты. Осы елдің иесі де, киесі де – қазақ. Қазақ халқының, қазақ азаматының әрбір этнос өкілінен гөрі биік жауапкершілігі бар. Егер әрбір қазақ білімді, парасатты, шын мәніндегі заманауи үрдістерге сай болатын болса, онда мемлекетіміз де қарыштап дамиды. Ал, егер заман көшінен қалып жатсақ, ішкі бірлігіміз болмаса, басқа керітартпа ағымдарға еріп кететін болсақ, мемлекеттің іші сөгіліп, бірлігіміз бен елдігімізге үлкен қауіп-қатер төнуі мүмкін. Сондықтан, бұл алдымен қазақ аудиториясына берілген сигнал, месседж деп айтуға болады», - деді ол.