1 наурыз - Алғыс айту күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

1 наурыз - Алғыс айту күні

28.02.2017
1 наурыз - Алғыс айту күні

Бүкіләлемдік азаматтық қорғаныс күні

1990 жылы Бас Ассамблеяның Халықаралық азаматтық қорғаныс ұйымының (ХАҚҰ) 9-шы сессиясында Бүкіләлемдік азаматтық қорғаныс күнін жыл сайын наурыздың 1-інде атап өту туралы шешім шығарылды. 1972 жылы дәл осы күні ХАҚҰ-ы үкіметаралық ұйым мәртебесіне ие болған. Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күні азаматтық қорғау мен қорғаныс ұлттық қызметтері атқаратын маңызды мақсаттарына қоғам назарын аудару үшін аталып өтеді.

Қазақстанда алғыс айту күні

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасындағы кәсiптiк және өзге де мерекелер туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1998 жылғы 20 қаңтардағы № 3827 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды.  1995 жылдың 1 наурызында елімізде  Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды және 2015 жылы Ассамблеяның жиырма жылдығын мерекелеу аясында Мемлекет басшысы бұл күнді халықтардың бір-біріне және қазақтарға көптеген халықтар елге күштеп қоныстандырылған кезде  төзімділік пен қонақжайлылық танытқаны үшін алғыс білдіре алатын күн деп жариялауды ұсынды.

Қазақстан Республикасы криминалистикалық қызметінің құрылған күні

1919 жылы дәл осы күні РКФСР-дің Іздестіру орталығы жанындағы Сот сараптамасының кабинеті өз жұмысын бастады. Бұрынғы одақтас республикалардың барлық криминалистері осы мерекені атап өтеді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

62 жыл бұрын (1955) Тайыр Жароковтың (1908-1965) «Қырда туған құрыш» атты дастаны жарық көрді. Дастанда өздерінің табыстарын мақтан ететін болат қорытушылардың айтулы еңбектерімен қатар соғыс тақырыбы да қозғалған.

45 жыл бұрын (1972) Қазақстандағы ең ірі көпсалалы университтердің бірі - Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті құрылды.

22 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды.

22 жыл бұрын (1995) ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің резиденциясында қазақтың тұңғыщ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровке Алтын Жұлдыз бен «Халық Қаhарманы» атағын беру туралы куәлікті табыстады. Осындай наградаларды сондай-ақ Т.Мұсабаев пен Ю.Маленченко алды, сонымен бірге оларға «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» атағы берілді.

ЕСІМДЕР

107 жыл бұрын (1910-1990) қазақ анатомы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері ҚАРЫНБАЕВ Сыбағатолла Ырысқалиұлы дүниеге келді.

96 жыл  бұрын (1921-1983) қоғам және саясат қайраткері ӘШІМБАЕВ Тұтқабай дүниеге келді.

86 жыл бұрын (1931-1999) қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) Құрметті профессоры. Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ЖОЛДАСБЕКОВ Өмірбек Арысланұлы дүниеге келді.

78 жыл бұрын (1939) ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы академиясының (ВАСХНИЛ) корреспондент мүшесі, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Президенті Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының лауреаты СҮЛЕЙМЕНОВ Мехлис Қасымұлы  дүниеге келді.

69 жыл  бұрын (1948-1999) актер, Қазақстанның халық әртісі БОРАНБАЕВ Әнуар дүниеге келді.

64 жыл бұрын (1953) ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі БАҚБЕРГЕНОВ Қайрат дүниеге келді.

Хабарламаларға жазылу