Бүгін – жазушы-журналист Көсемәлі Сәттібайұлының туған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – жазушы-журналист Көсемәлі Сәттібайұлының туған күні

03.02.2017
Бүгін – жазушы-журналист Көсемәлі Сәттібайұлының туған күні

92 жыл бұрын (1925) «Жас қайрат» апталық газетінің алғашқы саны жарық көрді. Бастапқыда Орынборда, кейін Қызылордада шыққан басылымның таралымы 2000 дананы құраған. «Соңғы жетінің ішінде» айдарында шет елдердегі, Кеңес одағындағы жаңалықтармен таныстырса, «Қазақстан жастары» бөлімінде жергілікті ұйым өмірін, жеке жастардың талап-тілектерін жариялап тұрған. «Тәні саудың - жаны сау» айдарымен дәрігерлік кеңестер, спорт жөніндегі материалдар беріп отырған. Қаржы тапшылығына байланысты басылым 1926 жылы 30 қазанда 57-ші саны жарық көргеннен кейін тоқтаған.

27 жыл бұрын (1990) Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада комитеті құрылды және оны 1992 жылы наурыз айында Халықаралық Олимпиада комитеті мойындады. Штаб-пәтері Алматыда орналасқан. Халықаралық Олимпиада комитетінің, Азия Олимпиада кеңесінің және өзге де халықаралық спорт ұйымдарының мүшесі. Қазақстандағы спортты дамыту қызметімен айналысады.

25 жыл бұрын (1992) Алматы қаласында АҚШ елшілігі ашылды.

күнтізбе

11 жыл бұрын (2006) Алматыдағы «Үш қиян» баспасынан әдебиетті зерттеуші ғалым, ақын Мүсілім Қапанның таңдамалы шығармаларының «Өсиеттер бұлағы» атты екінші кітабы жарық көрді. Оған қаламгердің Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков туралы жазған «Зауал» атты пьесасы алғаш рет енді. Мүсілім Қапанның бұл кітабында жазушының «Мағжан ақын», «Тарих-от-философия», «Тұңғыш режиссер» зерттеулері, «Өсиеттер бұлағы», «Тарихқа тағзым», «Ғылым тапқан... халықтан» сыни мақалалары, «Айтыс» поэмасы, «Таудағы жалғыз үй» әңгімесі, «Зауал», «Қамар сұлу» пьесалары, өлеңдері, сондай-ақ, туысқандары мен замандастарының естеліктері топтастырылған.

5 жыл бұрын (2012) Атырау қаласында «Алтын қайық» газетінің алғашқы саны жарыққа шықты. Басылым құрылтайшысы - «Жерұйық» қоры. Газеттің негізгі тақырыбы - мәдениет және өнер.

70 жыл бұрын (1947) өнер қайраткері, КСРО және ҚР Суретшілер одағының, Украин Суретшілер одағының, Еуропалық өнерлер орталығының құрметті мүшесі Жәңгір ҮМБЕТОВ дүниеге келді.

63 жыл бұрын (1954) эстрада әншісі, Қазақстанның Халық әртісі Нағима ЕСҚАЛИЕВА дүниеге келді.

58 жыл бұрын (1959) жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың лауреаты Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ дүниеге келді.

Жамбыл облысының Талас ауданында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін бітірген. Қаламгердің «Елгезек Бағдаршам, Ток-Қуат және басқалар», «Шаншу, көк шелек, мен және Асқар ақын», «Шеткері үйдің жарығы», «Елгезек Бағдаршамның басынан кешкендері», «Күнге ғашық өлкеде» және «Тараздан тәбәрік» атты кітаптары жарық көрген. «Бастау», «Қазақ палуандары» атты ұжымдық жинақтарға хикаялары мен эсселері енген. «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен марапатталған.

 

 

 

 

Хабарламаларға жазылу