Қазақстанда 2017-2019 жылдарда 154,5 мың орынға 1 630 мектепке дейінгі мекемені ашу жоспарлануда, оның ішінде 154,5 мың орынға шақталған 970 жекеменшік ұйым ашылмақ. Бұл туралы Үкімет отырысы кезінде ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев баяндады.
Е. Сағадиевтің айтуынша, қазіргі кезде елімізде 9 407 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді, олардың ішінде жекеменшіктің үлесіне 2 413 немесе төрттен бір бөлігі тиесілі. 2016 жылы мектепке дейінгі ұйымдар желісі 811 бірлікке арттырылды, оның ішінде МЖӘ тетіктерін қолдану есебінен 1,3 мың орынға шақталған 7 балабақша ашылды.
Жекеменшік мектепке дейінгі мекемелер саны 10 есеге артып, 100 млрд теңгеден астам жеке инвестициялар мектепке дейінгі тәрбие мен білім жүйесін дамытуға жұмсалды.
Қазіргі кезде концессиялық жобаларды басқару үшін 14 МЖӘ аймақтық орталықтары құрылды.
«Жалпы, «Концессиялар туралы» және «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» ҚР Заңдары аясында жергілікті атқарушы органдар білім беру саласында жалпы сомасы 65,3 млрд теңгеге балабақшалар, мектептер мен колледждер құрылысына қатысты МЖӘ 99 жобасы бойынша жұмыстар жүргізуде», - деп атап өтті Е. Сағадиев.
primeminister.kz